Дәл осы жерде менімен келісерсіздер, көбіміз ерлі-зайыптылардың үйі туралы айтылғанда «ортақ мүлік» деген терминді немесе біреудің мұраға қалған баспанада үлесі бар екенін естіп жүреміз. Заң бойынша мұндай ұғымдар алдымыздан шықпағанға дейін, олардың ара-жігін ажырата да бермейміз. Бүгін барынша түсіндіріп, заң бойынша сауаттылық деңгейін көтеруге тырысатын боламын.
Мүлікке деген меншік құқықтары
Жалпы мүлікке деген меншікті заң тұрғысынан бір ресми құжат – Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі анықтайды. Және барлық шарттар мен келісімдер осы Кодекс аясында жүзеге асырылады. Кодекстің 209 бабына сәйкес — екі немесе одан да көп адамға тиесілі мүлік ортақ меншік деп саналады.
Жылжымайтын мүлікке ортақ меншік деген не?
Ортақ меншік үлес салмағы анықталмаған, екі немесе одан көп адамның барлығына бірдей тиесілі жылжымайтын мүлік. Мысалы, ерлі-зайыптылардың үйі немесе бірнеше бауырға тиесілі бір баспана. Ортақ меншік құқығының пайда болуы екі немесе одан да көп адамның бір үйді сатып алу, жекешелендіруі, мұрагерлікке не сыйлыққа алуынан пайда болады. Жалпы егер бір мүлік сізге және басқа жанға ортақ мүлік деп саналса, онда сізде де, ол адамның атында да үй бар деп есептеледі. Мұндай жағдайда сіз «7-20-25» сынды танымал ипотекалық бағдарламаға қатыса алмайсыз. Бірақ, сонымен бірге, өз атыңызда үй бола тұрып, сіз «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасына өтініш бере алатыңыздан хабардар болуыңыз тиіс.
Ортақ мүлікте сіз ондағы үлесіңіздің қанша екенін білмесіз. Сондықтан да ол ортақ мүлік. Ал енді осы ортақ мүлікті бөлу қажет болған жағдайда, ол үлеске бөлінетін болады. Үлесті үйге меншік құқығы бар тұлғалар өзара келісіп, нотариус арқылы бөле алады. Немесе, олар дауласып, келіспей жатса, онда сот бөліп береді.
Үлестік мүлік деген не?
Ортақ жылжымайтын мүлікті нотаруис арқылы, немесе сот шешімімен үлеске бөліп алсаңыз, онда сізде үйдің үлесі бар деп есептеледі. Мысалы, екі адам бөліп алса, бірінде 50 пайыздық үлес болуы мүмкін. Тіпті бір үйді 5 адам 20 пайыздық үлеспен бөліп алса болады.
Мүлік және неке
Некеге тұрғанға дейін ерлі-зайыптылардың біріне тиесілі, сондай-ақ олар некеге тұрып жатқан кезде сыйлық ретінде немесе мұра ретінде алған мүлік олардың әрқайсысының меншігі болып табылады. Ал некеге тұрғаннан кейін сатып алынған үй ортақ меншікке жатады. Ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі болып табылатын мүлік бөлінген жағдайда олардың үлестері, әдетте, тең деп танылады. Бірақ кей жағдайларда сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың тең үлестік принциптерінен бас тартуы мүмкін.
Енді сіздер ортақ мүлік пен үлестік мүлік туралы білесіздер деп ойлаймын. Кез-келген түсініксіз жағдайда, тек білікті адвокаттар мен заңгерлер кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.