Зейнетақы жинағын салынып жатқан үйге жұмсау. Олай істеуге бола ма?

Ипотека, баспана, несие тақырыбына жиі жазатындықтан азаматтардан көптеген сұрақтар келіп түседі. Соңғы кездері үлескерлік құрылыс, яғни әлі құрылысы салынып бітпеген баспанаға зейнетақы қаржысын құюға бола ма деген сұрақтар көптеп келуде. Оған бар шама-шарқымша жауап беруге тырыстым.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2020 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет зейнетақы жинағының белгілі бір шекті деңгейінен асатын қаржыны үй жағдайын жақсартуға, емделуге және басқарушы компанияларға аударуға рұқсат беретін ережелерді әзірлеп, ол биылғы жылдан бастап жұмыс істей бастады. Қазірдің өзінде біраз азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарын пайдаланып үлгерді.

Үйлі болу үшін қаржыны қайда бағыттауға болады?

Үй жайын жақсарту бағытына келер болсақ, зейнетақы жинақтарын азаматтар баспананы тікелей толық сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша алғашқы жарнаға, бұған дейін алынған ипотекалық тұрғын үй қарызын жартылай не толықтай жабуға, үлестік құрылыс аясында үлесті сатып алуға бағыттай алатын болады. Мұқият оқып отырсаңыздар, мен мұнда ипотека емес, «ипотекалық тұрғын үй қарызы» ұғымын қолданып отырмын. Себебі, зейнетақы жинағын пайдалану бойынша ережеде дәл осы ұғым қолданылады. Оның ара-жігін қазір түсіндіремін.

Ипотека және ипотекалық тұрғын үй қарызы

Осы екі ұғымды өте көп адам шатастырады. Бірақ олардың айырмашылықтарын анықтап алған маңызды.

Ипотека — ол үйді банк немесе қаржы ұйымына кепілге қойып алынатын қарыз. Бірақ ол қарызды сіз кез келген мақсатқа жұмсай аласыз. Соныдақтан оның мақсатты нысанасы тұрғын үй жағдайын жақсарту болып табылмайды.

Ипотекалық тұрғын үй қарызы — сіз несиеге үй алып, сол үйді банкке кепілзат ретінде бергенде қолданылатын ұғым. Қазір еліміздегі барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар осы ипотекалық тұрғын үй қарызына жатады. Өз кезегінде олар азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жұмыс істейді.

Енді, ең маңызды ақпарат. Банктік қарыз аясында сіз зейнетақы қаржысын ипотекаға емес, тек ипотекалық тұрғын үй қарызына жұмсай аласыз.

Салынып жатқан үйді алу үшін зейнетақы қаржысын қалай пайдалуға болады?

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дайындаған Зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану Ережелеріне сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша қолдануға болады.

Жалпы бұл не деген сөз? Үлестік құрылыс бойынша сіз өз зейнетақы жинағыңызды банктің несиесіне жүгінбей, тікелей құрылыс компаниясына аудара аласыз. Ал егер банктен салынып жатқан үйге несие алып, ол әлі салынып бітпесе, ол несиені жабуға сіз зейнетақы жинағын пайдалана алмайсыз.

Мысалы, бәрімізге танымал «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы аясында сіз салынып жатқан үйге зейнетақы қаржысын пайдалана алмайсыз. Себебі «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үйді алуға болады. Демек, салынып бітпеген, әлі құжаты дайын емес үй бағдарлама шарттарына келмейді.

«Баспана Хит» бағдарламасы ше?

Бәріміз жақсы білетін «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы салынып жатқан үйге несие алуға мүмкіндік береді. Бірақ – сіз бағдарлама бойынша ол үй салынып бітіп, банкке кепілзат ретінде алынбағанша зейнетақы жинағын қолдана алмайсыз. Себебі, кепілзатқа жылжымайтын мүлік қойылмағанша «Баспана Хит» бағдарламасы жәй банк несиесі болып саналады. Ал кепілзатқа сіз алып жатқан жылжымайтын мүлік қойылғанда, бағдарлама нысаналы мақсатына сай ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы болып өзгереді. Демек, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша сіз зейнатақы жинақтарын үй салынып бітіп, банкке кепілге қойылғаннан кейін пайдалана аласыз.

Осымен, мен сіздерді жиі мазалап жүрген сұраққа жауап бердім деп ойлаймын. Маған комментарий жазыңыздар.

Сакен Жакуп
Магистрант экономического ВУЗа. Совмещает учебу и творчество. Любит открывать новые темы в области финансов.
Записи созданы 14

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх