«7-20-25» және Қазақстандағы ипотека нарығы. Не өзгерді?

2018 жылы Қазақстандағы ең танымал ипотекалық бағдарлама – «7-20-25» басталды

Қазір оның операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» есебінше, бағдарлама өзіне бөлінген 1 триллион теңгені 2023 жылдың бірінші жартысында игеріп бітеді. Сонымен, ғұмыры 5 жылға созылған бағдарлама жабылуы тиіс.

«7-20-25» ипотекасының ашылуына не түрткі болды?

Өткенге көз жүгіртсек, 2007 жылы Қазақстанда ипотекалық несиелеу көлемі 418 млрд теңгені құраған. Одан кейін, АҚШ-та ипотекалық нарықтың дағдарысы басталып, ол әлемдік қаржы кризисіне алып келді. Нәтижесінде, Қазақстанда кейін ипотекалық несие нарығының құлдырауы басталды. Бұл құлдырау және стагнация 10 жыл бойы жүрді.

Тек 2017 жылы нарық 357 миллиард теңгеге дейін бұрынғы көлемдерді азды-көпті қалпына келтіре алды. Оның барлығы мемлекеттің қолымен жүзеге асты.

Нәтижесінде, осы кезеңде берілген тұрғын үй ипотекалық несиелерінің 77%-ға жуығы тұрғын үй құрылыс жинақ схемасы бойынша берілді. Бірақ бәрібір, сол кезде несиелеудің қолданыстағы көлемдері халықтың сұранысын қанағаттандыра алмаған болатын.

«7-20-25» бағдарламасының мақсаты қандай болды?

«7-20-25» бағдарламасына екі маңызды міндет жүктелді.

Біріншісі – әлеуметтік. Жұмыс істейтін отбасыға өз үйінде тұру үшін мемлекет тарапынан жағдай жасау керек болды.

Екіншісі – құрылыс пен онымен байланысы бар салаларды ынталандыру. Бағдарлама азаматтар тарапынан тұрғын үй нарығындағы сұраныстың көбеюіне жағдай жасады. Сұраныс өз кезегінде құрылыс компанияларының белсенділігін тудырып, ұсыныс артты.

«7-20-25» бағдарламасының әсері қандай болды?

«7-20-25» бағдарламасы экономикаға жағымды әсер етті. Оның тұрғын үй құрылысына берген серпіні іргелес салалардың дамуына мультипликативті әсер етті: құрылыс материалдары мен конструкцияларды өндіру, пәтерлерді жөндеу жұмыстары, жиһаз өндірісі, лак-бояу өндірісі және тағы басқа салалар айтарлықтай дамыды. Мұның барлығы бұрыннан бар жұмыс орындарының сақталуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жақсы ықпал етті.

Сонымен қатар, «7-20-25» осы саладағы заңнама аясын жақсартты. Бағдарлама басталардың алдында, сол уақыттағы заңдарға қаржы нарығын одан әрі дамытуға қолайлы өзгерістер енгізілді. Несие алушылар мен несие берушілер мүдделерінің тепе-теңдігі орнады. Себебі, 2008-2009 жылдардағы ипотекалық дағдарыстан кейін заңнама банктерге үшін қатал болған еді. Сондықтан банктер ипотекадан кетіп қалды.

Ал «7-20-25» бағдарламасы іске қосылған кезде тараптардың мүдделері ескеріліп, банктерге ипотека аясында жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Операциялық және заңнамалық жетілдіруге деген кешенді көзқарас ипотекалық нарықтың дамуына жол ашты.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 49

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх