ипотека

Құрылыс компаниялары және ипотека

«Ипотекамен үй аламын» деп шешім қабылдадыңыз ба? Қуануға әлі асықпаңыз. Енді ең алдымен үй табу керек. Дәл осы жерде, көптеген азаматтар өздері күтпеген қиындықтарға кезігіп жатады. Әсіресе, ипотека шарттары бойынша тек бастапқы үй алу қажет болса тіпті қиын. Бұдан шығатын қандай жол бар? Және алаяқтардан қалай қорғану керек? Бүгін біз осы мәселелерді қозғаймыз және сізге ауадай қажет кеңестер береміз.

Неге құрылыс компаниялары ипотекадан қашады?

Үй іздеп жүрген көптеген таныстарым біраз құрылыс компанияларының танымал «7-20-25» ипотекалық бағдарламасымен жұмыс істемейтіндігін айтып шағымданды. Оның себебін білу үшін аталған құрылыс компанияларына хабарлассам, күмілжіп, мән-жайды дұрыс түсіндіре алмады. Ақырында, олардың құрылысты әлі салып бітпегенін анықтадым. Ал «7-20-25» ипотекасы бойынша тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Тек содан кейін ғана пәтерді рәсімдей аласыз. Ол азаматтарды алаяқтықтан қорғау үшін жасалған шара.

Неге назар аударған жөн?

Егер құжаттары дайын, пайдалануға берілген үй таппаған жағдайда не істейміз? Мұндай кезде құрылыс компаниялары салынып жатқан үйлерді брондап қойып, құжаты дайын болғаннан кейін ипотекаға рәсімдей аласыз деп түрлі схемаларын ұсына бастайды. Әдеттегідей, олар бронға үй құнының 20 пайызын, яғни сіздің алғашқы жарнаңызды сұрайды. Бірақ ол құрылыстың дер кезінде аяқталып, сіздің үй кілтін алатыныңызға кім кепілдік береді? Ешкім кепілдік бермейді. Ол тек сіздің жеке шешіміңіз болғандықтан, оған тек өзіңіз ғана мойныңызға жауапкершілік артасыз. Құрылыс компаниясы мен сіздің араңыздағы уағдаластық тек екіара келісім-шарт арқылы жүзеге асады. Мұны мемлекет реттемейтін болғандықтан, осындай қаупі көп, сенімсіздеу схеманы таңдау алдында  барынша ойланыңыз.

Үлескерлік құрылыс

Құрылысы бітпей жатқан үйге қаржы құйып, оны сатып алу Қазақстанда көптеген жылдан бері жұмыс істейді. Өкінішке орай, дағдарыс кезінде көптеген үлескерлер өз қаржыларынан айрылып қалды. Оның зардабын мемлекет әлі күнге дейін тартып келеді. Үлескерлік құрылыстың бір ғана артықшылығы бағалары нарықтан төмен. Ал жаман жағы, тұрғын үй құрылысын ұзақ күтесіз немесе тіпті үйсіз қалуыңыз мүмкін.

Заң не дейді?

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары. Жай сөзбен айтқанда – сіз ақша төлейсіз, ал сізге үй салып береді. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт – уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, бір тарап тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа тұрғын үйдегі үлесін беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және тұрғын үйдегі үлесін қабылдауға міндеттенетін, тараптардың құқықтық қатынастарын реттейтін шарт.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша жасалады және оны осы Заңның 12 бабында көзделген тәртіп бойынша тұрғын үй орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органда есепке қою сәтінен бастап жасалған деп есептеледі.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу:

  • кепілдік беру қорынан кепілдік алу;
  • екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;
  • тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.

Тұрғын үйлердің құрылысы үшін осы бапта көзделмеген өзге тәсілдермен ақша тартуға тыйым салынады. Өзіңізді алаяқтықтан сақтаңыз және тек сенімді құрылыс компанияларымен жұмыс істеңіз. Есіңізде болсын, құрылыс индустриясы тәуекелі өте көп, алаяқтық көп жасалатын салалардың біріне жатады.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 23

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх