Қазіргі таңда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жақында жабылады екен» екен қауесеттер көбейе бастады. Және оған қатысты, ипотека алуды жоспарлап жүрген азаматтардың көңіліне күдік ұялағаны рас. Шынымен де, халыққа барлық жағынан ұнаған, көптеген отбасылардың үйлі болуына себеп болған бағдарлама жабылайын деп жатыр ма?
Біз бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамынан барлық статистикалық деректерді сұратып, «7-20-25» ипотекасының аяқталу мерзімін болжап көруге тырыстық.
«7-20-25» — нақты аяқталу мерзімі бекітілмеген бағдарлама. Ол индикаторында көрсетілген 1 триллион теңгені халыққа кредит ретінде беріп бітуі тиіс. Тек сол кезде ғана бағдарлама мақсатына жетіп, жабылатын болады. Қазір, 2022 жылдың 11 мамыры. Осы күнге қарасты дерекке сай, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 556 миллиард теңгеге 43 912 кредит берілген екен. Әлі 444 миллиард теңге қалып отыр. Біздің есебімізше, бағдарлама бойынша кредит беріле бастаған 2018 жылдың 4-ші тоқсанынан бастап, 136 апта өткен екен. Сонда аптасына шамамен 4,1 миллиард теңге кредит беріліп келген. Алайда, 2022 жылдың басынан бастап қарқынның өсу динамикасы байқалады. Қазір аптасына 6-7 миллиард теңгедей беріле бастаған. Бұл ретте, енді аптасына 6 миллиард теңге беріледі деп есептейтін болсақ, бағдарламаның аяқталуына әлі 74 апта қалғанын анықтаймыз. Демек, мамыр айындағы екі аптаны қосып есептесек, «7-20-25» бағдарламасы шамамен 2023 жылдың қараша айында тамамдалуы тиіс.
7-20-25 бағдарламасының шарттарын ұмытпайық
Бағдарламаның шарты атында тұр. 7 – бұл ипотекалық кредит бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме. Ол түпкілікті болып табылады және өзгермейді. Қарыз алушы комиссиядан босатылған. 20 дегеніміз бастапқы жарна. Ал 25 — ипотекалық кредиттің жылдармен көрсетілген ең ұзақ мерзімі. Алайда қарыз алушы ипотеканы өзіне ыңғайлы кез-келген мерзімге ала алады. Тағы бір маңызды шарт, 7-20-25 бағдарламасы бойынша несие тек қана бастапқы тұрғын үйлерге (сіз бірінші қожайыны болуы тиіссіз) ғана беріледі. Бағалары бойынша да шектеулер бар. Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңындағы аймақтармен бірге), Ақтау, Атырау мен Шымкент қалаларында баспана бағасы 25 миллион теңгеден, Қарағанды қаласында 20 миллион теңгеден, ал басқа өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы керек.
«7-20-25» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады. Бастысы азаматтың атында үй болмауы және басқа ипотекасы болмауы тиіс. Сонымен бірге табыс ресми расталуы қажет. Егер сіз айлық алатын болсаңыз, онда ол бойынша зейнатақы қорына салымдар түсіп тұруы керек. Ал жеке кәсіпкер болсаңыз, онда банк сізден жылдық салық декларациясын талап етеді.