«7-20-25» ізімен. Жаңа ипотекалық бағдарламалар қандай болуы мүмкін?

Қазақстандағы ипотекалық компаниялар «7-20-25» бағдарламасы аяқталғаннан кейін, оның ізін басатын, ары қарай ипотека нарығын алып кететін бағдарламалар ойластыра бастады.

Оның ең мүмкін формасы – пайыздық мөлшері субсидияланған ипотека болмақ. Бүгін осы жаңа өнім туралы қалам тербемекпіз.

Субсидияланған ипотека деген не?

Ипотеканы субсидиялау дегенді мынадай қарапайым мысалмен түсіндіруге болады. Банк коммерциялық ипотека береді. Оның қазіргі нарықтық жылдық мөлшерлемесі 18 пайыз деп есептесек, соның 7 пайызын банкке мемлекет төлейді. Қалған 11 пайызын қарыз алушының өзі өтейді. Сонда банктің қымбат ипотекасы азаматтар үшін мемлекет есебінен арзандайды және қолжетімді болады. Бұл ретте – мемлекет 7 пайызды субсидиялап отыр деп айтуға болады.

Сонда ең тиімді ипотека қайсысы?

Қазіргі таңда еліміздегі әлеуметтік осал арнайы топтардың қатарына кірмейтін, яғни әкімдікте кезекте тұрмаған азаматтар үшін ең тиімдісі – «7-20-25» ипотекасы. Одан танымал ипотека жоқ. Бірақ, шамамен 2023 жылдың аяғына таман, бағдарламаның аяқталатынын ескерсек, болашақты қазірден бастап ойлай берген дұрыс. Сондықтан, жаңадан пайда болатын ипотекалық өнімдерді саралау қажеттілігі туындайды.

Субсидияланған ипотеканы кім береді?

Болашақта, әзірленіп жатқан субсидияланатын ипотеканы «Бәйтерек» Холдингінің құрамына кіретін «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ жүзеге асыратын болады. Бұрын бұл ұйым «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» деп аталып келді. Қазір белгілі ақпарат бойынша шарттары мынадай. Бастапқы жарна — 20 пайыз. Баға жалпы лимитпен шектеле ме, әлде әр шаршы метрінің бағасы шектеле ме, ол жағы қазір пысықталып жатыр. Мерзімі 20 жылға дейін. Пайыздық мөлшерлемесі 11-12 пайыз көлемінде болады. Ол да, «7-20-25» ипотекасы сияқты тек бастапқы нарықтан үй алуға мүмкіндік береді. Бірақ, сонымен бірге, құрылысы жүріп жатқан үйге де ипотека рәсімдеуге болады. Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 1,2 триллион теңгені құрамақ.

Жаңа ипотекада зейнетақы жарналарын қолдануға бола ма?

Зейнетақы жарналарын қолдану бойынша ережеде мақсатты нысан ретінде тұрғын үй ипотекасы көрсетілген. Жаңа ипотека да тұрғын үй қарыздарының санатына жататындықтан, мұнда зейнетақы қаржысын қолдануға еш шектеу жоқ. Оны алғашқы жарна ретінде, немесе алынған ипотеканы жартылай немесе толық жабуға пайдалануға болады.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 43

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх