зейнетақы жинақтары

«7-20-25» және зейнетақы жинақтары

Бүгін ең бір күйіп тұрған тақырыпқа қалам тартқым келді. Тіпті айналамдағы адамдар жиі сұрақ қоя бастағанын байқадым. Бәрі зейнетақы жинақтарының шекті деңгейінен артық соманы ипотекаға бағыттағысы келеді. Сондықтан ең танымал ипотека – «7-20-25» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ сомасын қалай пайдалануға болады, осы жайлы толық жазып шығамын деп шештім.

Зейнетақы ақшасын «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2 бағытта пайдаға асыруға болады:

  1. Алғашқы жарнаға;
  2. Ипотеканы жартылай немесе толықтай жауып тастауға.

Зейнетақы жинақтарының сомасын «7-20-25» бағдарламасына пайдалану қадамдары:

1. Электронды-цифрлі қолтаңба

Қарапайым жұртқа түсінікті тілмен айтқанда – ЭЦП. Егер ЭЦП болмаса, бұл зерттеуді ары қарай оқудың қажеті жоқ. Оны онлайн алуға болады және қалай алу керектігі жайында интернетте том-том ақпарат бар. Смартфон емес, ноутбук не компьютер қажет.

2. Ала алатын сомаңызды біліп алу қажет 

Ол үшін https://cabinet.enpf.kz/porog Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының арнайы сервисіне кіріп, қолға тиетін соманы анықтап аламыз. Екі сома шығады: бірі — бірден салық төлесеңіз ала алатын сома, екіншісі — салықты кейін бөліп төлесе алуға болатын сома. Мен сізге БЖЗҚ-дан шешіп алатын ақшаның салығын бірден төлемей, кейін бөліп төлеуді таңдауға кеңес беремін. Сол кезде қолға тиетін ақшаңыз 10 пайызға көбейеді. Әрі бүгін қолға алған миллион теңгенің құны 10 жылдан кейін түсетін миллион теңгеге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін ұмытпаған жөн. Cалықты кейін бөліп төлегеннен еш ұтылмайсыз.

3. Үй таңдап қою керек

«Бірінші ақшаны алып алайық, сосын көреміз» деуге болмайды. Әр нәрсенің мақсаты айқын болғаны дұрыс. Сонда ғана дегеніңізге жетесіз. Бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйлерді krisha.kz, homsters.kz және korter.kz сайттарынан табуға болады.

4. Арнайы шот ашу

БЖЗҚ ақшаны тек арнайы шотқа аударады. Ол үшін қазір «Отбасы банк», «ЦентрКредит банкі», «Халық банкі» мен «Altyn bankте» онлайн түрде арнайы шот аша аласыз. Шамамен 5 минут уақыт кетеді. Арнайы шот туралы интернетте көптеген ақпарат бар.

5. Электронды өтініш беру

 Негізгі қадамдарға да жеттік. Арнайы шот ашқаннан кейін ноутбукты қолданып, (ең ыңғайлысы Google Chrome браузері) http://enpf-otbasy.kz/ порталына кіреміз. Одан соң ЭЦП-ны қолданып, жеке кабинетке өту керек.

Одан кейін ақшаны пайдалану тәсілін көрсетеміз, әрі портал сізге негізгі мақсатыңызды анықтауды сұрайды. Мұнда 8 мақсат бар. Оның екеуі «7-20-25» бағдарламасына сай келеді. Олардың астын сызып қойдым.

Одан кейін салық төлеу тәсілін таңдау керек. Осының алдында салықты кейін бөліп төлеудің тиімділігі айтылды. Сондықтан «тең бөліп төлеу» деген бірінші нұсқасын таңдауға кеңес беремін.

Артынша «Өтінімді қалыптастыру» батырмасын басып, ЭЦП арқылы қол қоямыз.

Өтінім рәсімделеді де, енді екі құжатқа қол қою керек болады. Бірінен кейін бірін ашып, қол қойып шығамыз.

Бұдан кейін портал сіздің атыңызға ашылған арнайы шотты өзі автоматты түрде іздеп табады. Оған бір сағаттай уақыт кетуі мүмкін. Бәрі сәтті болса, порталда тиісті хабарлама тұратын болады.

Енді 5 күннен кешіктірмей арнайы шотқа өтінімдегі сома келуі түсуі тиіс. Алайда БЖЗҚ тарапынан өтінім мақұлданбай қалатын кездер де болады. Сондықтан тура алуға болатын соманы емес, ондан 5-10 мың теңге төменірек көрсетуге кеңес беремін.

Арнайы шотқа ақша түскеннен кейін http://enpf-otbasy.kz/ порталына дәл сол мақсат бойынша порталда көрсетілген құжаттарды скандап жүктеу керек. Оның аясында сіз «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна енгізейін, не қарызды жауып тастағыңыз келіп отырған банкке барып, сұратылған құжаттарды алуға тура келеді.

Сіз жүктеген құжаттарды бірыңғай оператор тексереді де, бәрі дұрыс болса, көрсетілген шотқа сома аударылады. Міне, осы талаптарды мұқият орындап шықсаңыз, онлайн режимде, үйде отырып, зейнетақы қаржысын «7-20-25» бағдарламасына пайдалана аласыз.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 49

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх