Бүгінгі таңда 7-20-25 бағдарламасына іліге алмай отырған жандар аз емес. Оның түрлі себептері бар. Біреуінің басында баспана бар, ал екіншісі тұратын жерде жаңа үйлер салынбаған. Сонда қайтпек керек? Осы мәселелерді ескеріп, 2018 жылы Баспана Хит ипотекалық бағдарламасы жарық көрді. Оны қазақстандықтар қуана қарсы алды. Аталған бағдарлама арқылы қалай үй алуға болады? Осы тақырыпта әңгіме қозғасақ.
Баспана Хит пен 7-20-25 бағдарламаларының айырмашылықтары
Баспана Хит 7-20-25ке қарағанда қымбаттау келеді, есесіне қатысу шарттарында нағыз еркіндік жатыр. Баспана Хитке өз атында үйі бар азаматтар да қатыса беретіні керемет опция. Ең ыңғайлысы, жаңа үй іздеп сандалмай, арзан әрі өзіңізге қолайлы қолданыста болған баспананы таңдауға мүмкіндік бар. Пәтер ғана емес, жер үйді де алуға болады. Мұндай ыңғайлы ұсынысты тұрғындар жақсы қарсы алды.
Бағдарламаның жылдық үстеме мөлшерлемесі 11 пайызды құрайды. Бұл жеке банктердің ипотекалық бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда арзан. Мерзімі 15 жылға дейін. Алғашқы жарнаны 20 пайыз немесе одан да көбірек төлеуге болады.
7-20-25 бағдарламасындағыдай, Баспана Хитте де үй бағасына қатысты шектеулер қойылған. Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңындағы аймақтармен бірге), Ақтау мен Атырау қалаларында баспана бағасы 25 миллион теңгеден, ал басқа өңірлерде 15 миллон теңгеден аспауы керек.
Баспана Хит бойынша кімдер ипотека ала алады?
Бағдарламаға Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Тіпті атында үй болса да, ол еш кедергі емес. Тек азаматтың басқа ипотекасы болмауы тиіс. Оған қоса, ресми табыс та өте маңызды. Жалдамалы жұмыс істейтін азамат өз табысын зейнетақы салымдары, ал кәсіпкер табысын салық декларациясы арқылы растайды.
Баспананы қалай аламыз?
Бұл жердегі алгоритм 7-20-25 бағдарламасына ұқсас. Ең бастысы үй табыңыз. Сіз қолданысты болған ескі үйді де, жаңа үйді де ала аласыз. Ең бастысы бағасы шектен асып кетпеу керек. Үй тапқаннан кейін, банкке барып сол үйді алатын мүмкіндігіңізді есептетіп алыңыз. Егер банк алдын-ала есептеп, ипотеканы мақұлдайтынын хабарласа онда сатып алынатын тұрғын үйге кепіл беріп, брондауға кеңес береміз.
Одан кейін банк берген тізім бойынша құжаттар жинап, банкте кредит алуға өтініш жазу керек. Ипотека мақұлданғаннан кейін, алғашқы жарнаны не банкке, не сатушыға аударып, құрылыс компаниясымен сатып алу-сату шартын жасасасыз. Ол шарт нотариус арқылы расталып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та (ХҚКО) немесе нотариус арқылы (EGOV.KZ онлайн) тіркеледі. Тіркелген сатып алу-сату шартын банкке ұсыну қажет. Бұдан кейін банкте қарыз шарты, төлемдер кестесі, сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шарты жасалып, оған сіз қол қоясыз. Өз кезегінде, сатып алынатын үйді кепілге қою шартын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та (ХҚКО) немесе нотариус арқылы (EGOV.KZ онлайн) тіркеу қажет. Одан кейін банк қалған соманы сатушыға аударады. Құттықтаймыз, сіз баспаналы болдыңыз!
Баспана Хитпен жұмыс істейтін банктер
Қазіргі таңда Баспана Хит бағдарламасы бойынша ипотекалық кредитті Центркредит Банкі, АТФБанкі, Jýsan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank, Сбербанк береді. Сіз кеңес алу үшін осы банктердің кез-келген бөлімшесіне бара аласыз.
Мугедек балам бар куйеуимде мугедек калай уй алуга болад атымызда уй жок сбербанк бизге берген жок баска жерлерден аламба? Уйди? Ипотекага калай аламыз? Маган хабарласып жазынызшы отиниш
Сұрағыңызға рахмет! Өкінішке орай, Сіз бен жұбайыңыз мүдегек және жұмысқа жарамсыз болсаңыздар, сіздерге ипотека алудың жолы жоқ. Оның орнына мемлекеттік көмек ала аласыздар. Жергілікті жерде кезекте тұрсыз ба?