Бүгінгі шолуымызда біз 2022 жылы қандай ипотекалық бағдарламаларға жүгінуге болатынын жазамыз. Жалпы, бұл нарықта қандай өзгерістер бар? Ипотеканы қазір алған дұрыс па, әлде күте тұрған абзал ма?
2022 жыл – Ұлттық Банк базалық ставкасының 13,5 пайызға көтерілуімен басталды. Және ол бірден жекеменшік банктердегі кредит ставкасының қымбаттауына әкеліп соқты. Бұл орайда, қазір ипотека бойынша базалық ставкадан төмен мөлшерлеме тек мемлекеттік бағдарламаларда ғана қалғанын ескеру керек.
7-20-25
Қазақстандағы ең танымал ипотекалық бағдарлама. Оны Ұлттық Банктің ұйымы болып табылатын «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамы қаржыландырады. «7-20-25» бағдарламасының артықшылықтары оның атауында көрсетілген. Қарыздар төмендетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша – жылдық 7%, 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үй құнының 20 пайызын құрайды. Несиелеу объектісі — бастапқы жылжымайтын мүлік. Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін 25 миллион теңге, Қарағанды үшін 20 миллион теңге, қалған өңірлер үшін 15 миллион теңге. Қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгені құрайды. 2022 жылғы наурыз айы бойынша бағдарлама осы көлемнің жартысына жуығын игерген.
Қазіргі таңда, «7-20-25» ипотекасын 9 ірі банктен алуға болады: ЦентрКредит Банкі, Сбербанк, Халық банк, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan bank, ForteBank, Altyn Bank және Freedom Finance Bank.
«Отбасы банк» өнімдері
Егер сіз әлеуметтік осал топқа жататын болсаңыз (жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер, жетім балалар, қандас, экологиялық зілзалалар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар) онда «Отбасы банктің» жеңіл шарттарын пайдалана аласыз. Бірақ, тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесіне толыққанды қатысу үшін, сол жүйеде депозит ұстап, кесте бойынша қаржы жинағаныңыз абзал.
Жекеменшік банк ипотекалары
Қазіргі таңда жекеменшік банктер клиенттеріне түрлі шарттар бойынша сан алуан ипотека ұсынады. Сонымен бірге, нарықта банктер мен құрылыс компаниялары арасындағы коллаборация, әріптестік формалары жиі кездеседі. Егер банк пен құрылыс компания арасында келісім болса, сол құрылыс компаниясының сатуға қойылған пәтерін аталған банктен ыңғайлы, жедел түрде алуға мүмкіндік ашылған.
Жекеменшік банк ипотекаларының бір ғана кемшілігі бар – олардың мөлшерлемесі базалық ставкадан төмен бола алмайды. Тиісінше, қарыз алушы үшін қымбатқа шығуы мүмкін.
2022 жылы бізге үйреншікті «Баспана хит», «Орда» ипотекалары тоқтағанын ұмытпау керек. «Баспана хит» өзіне белгіленген 600 миллиард теңге лимитті сәтті игере білді. 64 мыңнан астам қазақстандық үйлі болды. Сол себепті, өзінің тапсырмаларын толық орындаған бағдарлама 2021 жылдың аяғында азаматтардан өтініш қабылдауын тоқтатты. Ал «Орда» бағдарламасы бойынша оның операторы – «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ өтініш қабылдауды уақытша жүзеге асырмау туралы шешім қабылдады.