Таңертен шәй ішіп отырғанда, үйсіз жүргенің болмады балам деп кейіген анаңның даусын есту оңай емес. «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін қазақ үшін, баспананың болуы жәй тұрмыстық қажеттілік емес, өмірлік, пәлсафалық символға айналған.
Енді тиімділігі жағынан келейік. Хош. Сізде үй жоқ делік. Ипотекаға алуға мүмкіндік бар. Қиналмай пәтер жалдап та тұра аласыз. Ал енді таза қаржылық жағынан қайсысы тиімді? Ипотека ма, аренда ма? Осыны саралайық.
Жалға алудың тиімді және тиімсіз тұстары
Крыша.кз сайтын саралап отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы 2 бөлмелі пәтердің жалға беру бағасы айына 180 000 теңгеге шығатынын анықтадық. Демек, егер осы пәтерде бір жыл тұрсақ, онда 2 160 000 теңге құртамыз. Ал 25 жылғы шығынымыз 54 миллион теңгені құрамақ.
Жалға алынған пәтерде тұрудың мынадай ыңғайлы тұстары бар:
- Кез-келген уақытта кетіп қала аласыз;
- Қаланың өзіңізге жайлы жерінен, қалаған ішкі құрылымымен, әрлеуімен пәтер таңдауға болады;
- Мектеп немесе балабақшаға, басқа да қажетті нысанның жанында тұруға болады;
- Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп немесе жиһаз сатып алып шығындалмайсыз. Көп жағдайда оның барлығы дайын тұрады.
Жалға алынған пәтерде тұрудың тиімсіз жерлері де жоқ емес:
- Үйді қалауыңызша әрлей алмайсыз, себебі ол сіздің үйіңіз емес;
- Кез-келген уақытта қожайын келіп, үйді босатуды талап етуі мүмкін;
- Қожайын жалға беру бағасын қымбаттатып жіберуі мүмкін;
Ал енді ипотеканы зерттеп көрейік.
Ипотеканың тиімді және тиімсіз тұстары
Ипотеканың мысалы ретінде барлығына жақсы таныс «7-20-25» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы пәтерге есеп-қисап жасасақ. Елордада 2 бөлмелі жаңа пәтердің орташа бағасы 17 миллион теңге.
Егер осы бағамен пәтерді 25 жыл мерзімге ипотекаға алсаңыз, ай сайын 96 121 теңге төлейсіз. Алғашқы жарнаға 20 пайыз сізден шығады. Бұл жағдайда ипотекаға ай сайынғы төлем сіз пәтерді жалға алып төлегеннен 83 879 теңгеге арзан. 25 жыл ішінде банкке алғашқы жарнамен қосқанда 32,5 миллион теңге төлейсіз.
Ипотеканың мынадай тиімді тұстары бар:
- Үйдің бағасы, пайыздық үстеме де өзгеріссіз қалады;
- Сіздің үйіңіз жақсы инвестициялық құрал. Оны кез-келген уақытта сатып жібере аласыз;
- Ең бастысы – бұл сіздің үйіңіз. Ешкім сізді қуып жібере алмайды.
Сонымен қаржылай алғанда, ипотека тиімді болып шықты. Алайда, соңғы таңдауды тек қана сіз жасай аласыз.