Өкінішке орай, өмірде әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Тіпті, сіз болжамаған, күтпеген жағдаяттар орын алуы да мүмкін. Кредит, оның ішінде әсіресе ипотека ұзақ мерзімге алынатындықтан, осы жолда түрлі кедергілер болуы ықтимал. Бүгін біз, ипотеканы төлей алмаған кезде, сіз кепілге қойған баспанаңызбен не болатынын түсіндіреміз.
Ең алдымен, ипотека алғанда қарыз қайтарудың кепілі ретінде сатып алынған баспананы қойғаныңызды ұмытпаңыз. Сондықтан шарт бойынша, қарызды қайтара алмасаңыз, және банктың қарызды қайта құрылымдау бойынша барлық амалдары жүзеге аспаса – бір ғана жол қалады. Банк сіздің баспанаңызды нарықта сатып, өз қарызын қайтарып алады.
Соттан тыс тәртіппен сату деген не?
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасының ақпаратына сәйкес, банк сіздің жылжымайтын мүлкіңізді сотқа жүгінбей-ақ нарықта өткізе алады.
Бекітілген тәртіп бойынша, кепіл ұстаушы борышкерге жылжымайтын мүлікті соттан тыс тәртіппен өткізуді жүргізудің басталғаны, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікке сот тәртібімен өндіріп алу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберуге міндетті.
Кепіл беруші жылжымайтын мүлікті өткізуді жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде кепіл ұстаушының алдында көрсетілген мүлікті дербес өткізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Кепілді өзім сатып, банкке қарызды қайтара аламын ба?
Ия. Осы тұрғыда Заңға тиісті өзгертулер енгізілді. Ипотека туралы Заңның 20-1-бабына сәйкес 2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда банк сізге үш ай мерзім береді. Сол уақыттың ішінде баспананы өзіңіз қалаған бағамен сата алсаңыз, онда банк қарызын жауып, қалғанын өзіне аласыз.
Ал егер банк сататын болса, оған баспананы кепілзаттың бағалау актісінде бағаланған соманың 75 пайызынан арзан қылып сатуға тиым салынған.
Кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті сот тәртібімен сату
Бұл рәсім банктің талап арызы бойынша шығарылған сот шешімімен жүзеге асырылады. Ипотека шарты бойынша кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өндіріп алу туралы шешім қабылдаған кезде соттың шешімінде кепілге қойылған мүліктің құнынан кепіл ұстаушыға төленетін барлық сомалар мен бағалауға сәйкес кепілге қойылған мүлікті сату кезіндегі оның бастапқы бағасы көрсетілуі тиіс.
Сот орындаушысы мүлікті сот тәртібімен сатқанға дейін қарыз алушыға кепілге қойылған мүлікті бағалау туралы есеп жібереді және тұрғын үйді (оның жазбаша өтініші бойынша) 3 айдан аспайтын мерзімде құрылғанына бір жылдан аспайтын уақыт өткен бағалау туралы есепте көрсетілген оның бағалау құнының 75 %-нан төмен болмайтындай бағамен өз бетінше сату құқығын береді.
Ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату көпшілікке ортақ сауда-саттық арқылы жүзеге асырылады.
Электрондық сауда-саттық қалай өтеді?
2021 жылғы желтоқсанда ипотеканы сот арқылы сату шеңберінде сауда-саттық рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер қабылданды. Атқарушылық iс жүргiзу туралы заңның 80-бабының 3-тармағына сәйкес электрондық аукцион борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетілген бағалау құнынан белгіленген қадаммен мүліктің құнын көтерумен басталады. Егер электрондық аукционға қатысушылардың бірде-бірі сауда-саттықтың алдын ала белгіленген қадамын қолдау арқылы мүліктің құнын арттырмаған жағдайларда, онда аукцион өтпеді деп танылады. Бағаны төмендетуге бағытталған қайтадан өткізілетін сауда-саттық бірінші аукцион өткізілген күннен бастап 10 жұмыс күні өткеннен кейін қайта тағайындалады. Еске салайық, бұған дейін бағаны төмендетуге бағытталған аукциондар баспананы мәлімделген құнынан артық бағаға сатып алғысы келетіндер болмаған жағдайда бірден өткізілген болатын.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, кепіл ұстаушыға, онымен үлестес тұлғаларға және оның қызметкерлеріне, сондай-ақ сот орындаушысына, бағалаушыға, олардың жақын туыстарына, жұбайына (зайыбына) соттан тыс, сондай-ақ сот тәртібімен де сауда-саттыққа қатысуға тыйым салынды.
Көп жағдайда азаматтар банк проценттерінің тым жоғары болғандығынан, соның салдарынан артық төлеудің көптігінен ипотеканы жаба алмай қиналады. Бұл ретте, мемлекеттің жеңілдетілген бағдарламаларын қарастырған абзал.
Мысалы, ең танымал «7-20-25» ипотекасы өте түсінікті, жеңіл шарттар ұсынады. Оның пайыздық мөлшерлемесі жылына небары 7%-ды құрайды.