Ипотекадан қалай үнемдеуге болады 3 заманауи лайфхак

Ипотекадан қалай үнемдеуге болады? 3 заманауи лайфхак

Адамдар ипотека дегенді естігенде бірден артық төлеу, көп жылдар бойы банкке жіпсіз байланып қалу туралы айта бастайды. Екінші жағынан, кейде ипотека — үй алудың жалғыз жолы болуы мүмкін. Жалпы ипотека алғанда үнемдеудің жолдары бар ма? Маған осы сұрақ жиі қойылатындықтан, бүгін тақырыпты саралап, өз түйгеніммен бөлісуді жөн көрдім.

Менің ойымша, ипотекадан үнемдеуге болады. Оның қазіргі таңда нақты үш жолы бар.

Бірінші жол. Ипотека рәсімдеп жатқан кезде шығынды азайту

Бұл жерде нотариустан шамамен 38 мың теңге үнемдеуге болады. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) 611-бабының бірінші тармағына сәйкес, егер мәміле ипотекалық несие бойынша алынған қаражат есебінен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатында жасалса, қалалық жерлерде нотариаттық операцияларды жасау үшін нотариус 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде мемлекеттік баж сомасын қабылдайды.
Сонымен қатар, «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-1-бабының бірінші тармағында нотариус ипотекалық несие бойынша алынған қаражат есебінен жылжымайтын мүлік алу мақсатында мәміле рәсімдеген кезде, техникалық және құқықтық сипаттағы қызметтері үшін 2 (екі) АЕК мөлшерінде төлем қабылдайды.

Қорыта келгенде, ипотека арқылы үй сатып алып, оның келісім-шартын растау кезінде нотаруис сізден 4 айлық есептік көрсеткішке тең соманы алуы тиіс. Биыл ол 11 668 теңге.

Егер сіз Қазақстандағы ең танымал «7-20-25» ипотекасы немесе және бастапқы үймен қатар қолданыста болған үйлерге де ипотека беретін, сондай-ақ тіпті салынып жатқан үйді алуға мүмкіндік беріп отырған «Баспана Хит» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп жатсаңыз, онда нотариусқа тек 4 АЕК төлей аласыз. Бірақ ол үшін банк қағазында сіздің несиеніз ипотекалық тұрғын үй қарызы деп көрсетілуі тиіс. Егер олай болмаса, сіз нотариусқа 49 589 теңге төлеуге мәжбүр боласыз.

Екінші жол. Ипотеканы алдын-ала жартылай не толықтай жауып тастау

Ипотекалық несиені мерзімінен бұрын жабу — егер сіз ипотека алған кезден бастап көп уақыт өтпесе өте тиімді болады. Осылайша, сіз болашақта банкке сыйақы төлеуден аулақ боласыз. Бұл жағдайда сізге несиені дереу жабуға кеңес береміз, өйткені пайыздар әр күн үшін алынады.

Және оған қазір мүмкіндік көп. Зейнетақы жинақтарының шектілік деңгейінен асатын бөлігін үй жағдайын жақсартуға рұқсат берілгеннен бастап, көптеген отандастарымыз осы мүмкіндікті пайдалана алады. Бір жақсысы, көптеген банктерде қарызды жартылай немесе толықтай жауып тастауға шектеу жоқ. Мысалы, «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламасында қарызды кез-келген уақытта жауып тастауға болады. Бұл бағдарламаларда оған айыппұл, комиссия салынбайды. Сонысымен өте ыңғайлы.

Үшінші жол. Салық шегерімдерін пайдалану

Егер сіздің ипотекаңыз тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне жататын болса, онда салық шегерімдерін қазірден бастап пайдалана аласыз. Ал егер кәдімгі банк ипотекасы болса, онда бұл норма сіз үшін 2025 жылдан бастап жұмыс істейтін болады. Шегерімдердің мәні неде?

Шегерім егер ресми, тұрақты жұмыс істеп жүрсеңіз ипотекадан үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, сіздің жалақыңыз 300 000 теңгені құрайды дейік.

Одан алынатын зейнатақы жарнасын есептейік: 300 000 / 10% = 30 000 теңге.

Ал сізден алынатын жеке табыс салығы былай есептелінеді: (Жалақы – зейнетақы жарнасы – 1 төменгі айлық көрсеткіш) / 10%. Тиісінше ол (300 000 – 30 000 – 42 500) / 10% = 22 750 теңге.

Сонда 300 мың теңге айлығыңыз болса, сіз 22 750 теңге салық (ИПН) төлейсіз, 30 000 теңге зейнетақы қорына кетеді, 6 000 теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға алынады, ал қолыңызға тиетіні 241 250 теңге.

Енді, егер сіз ай сайын ипотека төлеп отырсаңыз, салық шегерімдері арқылы қандай сома үнемдейтініңізді есептеп көрейік.

Мысалы, сіз «Баспана Хит» бағдарламасы арқылы пәтер сатып алдыңыз дейік.

Пәтердің құны — 12 000 000 теңге

Алғашқы жарна — 20% — 2 400 000 теңге

Несие мерзімі — 15 жыл.

Бағдарламаның ипотекалық калькуляторымен есептеп, бұл жағдайда ай сайынғы ипотекалық төлемнің 107 311 теңге шығатынын біліп аламыз. Төлемнің ішінде банк пайыздары басында 85 600 теңгені құрап, ай сайын 200 теңгеге азая береді.

Енді салық шегерімін іске қоссақ, қанша сома үнемдейтінімізді анықтайықшы.

Мына формуланы іске қосамыз. (Жалақы – зейнатақы жарнасы – 1 төменгі айлық көрсеткіш — ай сайынғы ипотекалық төлемнің ішіндегі банк сыйақысы) / 10%, демек (300 000 – 30 000 – 42 500 – 85 600) / 10% = 14 190 теңге. Бұл біз төлейтін жеке табыс салығы. Оның алдындағы салыққа қарағанда 8 560 теңгеге аз.

Сонымен, егер ипотекалық шегерімдерді іске қоссақ, онда несие төлеудің бірінші айында біз 8 560 теңге үнемдейміз. Ал ай сайын банк сыйақысы 200 теңгеге азайып отыратынын ескерсек, біздің үнемдеуіміз де ай сайын шамамен 20 теңгеге қысқарып отырады.

Қорыта айтқанда, жолын тапса ипотекадан да үнемдеп қалуға болады. Ал жалпы, қаржылық сауаттылық сізге ақшаны барынша тиімді жұмсау жолында шексіз мүмкіндіктер береді. Тек талмай іздену керек.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 45

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх