Ипотека және алаяқтар. Олардан қалай сақтану керек?

Қазақстанда тұрғын үй нарығында алаяқтық өршіп тұр. Себебі, алаяқтар да баспана алуға бекінген адамның қаражаты бар екенін біледі және соны заңсыз жолмен қолға түсіру үшін барын салады. Бүгін біз одан сақтанудың жолдарымен танысамыз.

Үстіміздегі жылы Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындарды ипотека рәсімдеуге уәде беріп алдып кеткен алаяқтар ұсталды. Ол туралы, Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған іс бойынша полицияға зардап шеккен 9 адам шағым түсірген. Анықталғанындай, бұл іспен екі әйел айналысқан.

«Өткен жылдың сәуір айында елорда тұрғыны алаяқтарға алданып, 1,5 млн теңгесінен айырылды. Олар 2020 жылдың желтоқсан айында ипотека рәсімдеуге көмектесеміз деп алдап, тағы бір жәбірленушінің 4,49 млн теңге қаражатын иемденіп кеткен», — делінген хабарламада.

Алаяқтықтың құрбаны болған қала тұрғындары көптен күткен ипотека мен ақшалай қаражаттарының қайтарылуын күтпей, полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 40 және 38 жастағы екі әйелді ұстады. Олардың бірі бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұл мәлім болған тек бір оқиға ғана. Ал шынтуайтында, алаяқтардың көбісі сенгіш азаматтарды жеңіл мемлекеттік бағдарламаларға іліндіремін, үй алып беремін деп алдайтын болған. Оның ішінде, ақшасынан айрылса да, полицияға хабарласпаған азаматтар жетерлік.

Тұрғын үй алаяқтарынан қалай қорғану керек?

Ең алдымен, ешкімге сенбеңіз. Барлық жұмысты өз қолыңызбен жасаңыз. Үйді өзіңіз іздеңіз. Банкке де өзіңіз барыңыз. Ешкімге ақша бермеңіз. Әр нәрсеге күдікпен қараңыз. Себебі, сіздің жағдайыңызды сізден басқа ешкім ойламайды. Және шындап келгенде, сіз үшін ешкім жүгірмейді.

Ипотекалық брокерлерге сенуге бола ма?

Ипотекалық брокер – бұл ипотекалық қарыз алушыны банк пен сатушымен (құрылыс компаниясы) біріктіретін, бірақ ипотека алу үшін өз қаражатын пайдаланбайтын делдал. Ипотекалық брокер несие алушы адамға қажетті тараптармен байланыс орнатуға көмектеседі және қарыз алушының қаржылық жағдайы мен пайыздық қажеттіліктері тұрғысынан оған қолайлы шешімдер тауып береді. Сонысы үшін комиссия алады.

Қазақстанда ипотекалық брокерлер аз емес. Олардың қызметіне жүгінуге болады. Бірақ бұл ретте, сіз оның шын брокер екенін анықтап алуыңыз керек. Себебі, брокердің атын жамылған алаяққа тап болуыңыз мүмкін. Компанияның құжаттарын тексеріп, оның нарықтағы өтілін, тәжірибесін және ол туралы басқа клиенттердің пікірін біліп алған абзал. Және ең бастысы — брокер мен сіздің араңызда міндетті түрде келісім-шарт жасалуы тиіс. Оның барлық баптарын мұқият оқып алыңыз. Шын брокерлер қызмет ақысын жұмыс біткенде алады және оны төлеуге сізді келісім-шарт арқылы міндеттейді. Барлық келісілген ақшаны алдын-ала сұрап отырған брокерден күдіктеніңіз.

Мемлекеттік бағдарламалардың атын жамылу

Қазіргі таңда еліміздегі ең танымал «7-20-25» ипотекасы атын жамылып жүрген алаяқтар да аз емес. Егер бағдарлама шарттарымен жақсы таныс болсаңыз, өзіңізді алдауға жол бермейсіз.

Мысалы, алаяқтар «7-20-25» ипотекасы арқылы сізді кезекке тұрғызамын деп алдауы мүмкін. Бірақ, аталған ипотекада ешқашан кезек болмаған. Онда азаматтар кезекке тұрмайды, нарықтан өздері бастапқы тұрғын үйді тауып, одан кейін банктен несие алады.

Өзіңізді алданудан сақтаңыз. Ол үшін жан-жақты ақпарат алып отырыңыз!

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 49

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх