Сіз ипотеканың миграция көшін азайта алатын құралдардың бірі екенін білесіз бе? Себебі ипотеканың адамды бір жерге ұзақ уақыт байлап ұстап отыра алатын қасиеті бар. Жалпы бұл тақырыпты ашуды мен баяғыдан ойлап жүргенмін. Егер елімізде ипотека дамитын болса, онда Қазақстаннан кететін адамдар саны азая ма?
Көші-қонның мемлекетке әсері
Көші-қон мемлекетке жағымды да, жағымсыз да әсер етуі мүмкін. Қазір көптеген елдер сыртта жүрген азаматтарының елге ақша аударуы есебінен күн көріп отыр десе де болады. Ал, керісінше халық санын көбейтіп, ең бастысы ұлтты жаңарту үшін кей мемлекеттер өздеріне мигрант шақырады. Олардың көбісі дамыған мемлекеттер, мысалы Германия, Канада, Жаңа Зеландия. БҰҰ соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемде халықаралық мигранттардың жалпы саны өсуде. Егер 2000 және 2010 жылдары мигранттар саны сәйкесінше 173 және 220 миллион болса, 2017 жылы олардың саны 258 миллионға жетті. Демек, 2017 жылы мигранттардың саны бүкіл әлем халқының 3,3 пайызын құраған.
Теория да, қазіргі тәжірибе де қысқа мерзімде көші-қон мигранттары өздерінің отбасына және отанына үлкен пайда әкелетіндігін дәлелдейді. Мигранттар үшін бастысы тұрақты жұмыс пен жақсы жалақы. Сонымен бірге, шетелге шығып, түрлі елдерді көргеннен кейін олардың ойлау сапасы, білімі мен біліктілігі арта түседі. Адам капиталы жақсарады. Ал мемлекетке сырттан валюта келіп, инфляцияны ауыздықтауға жақсы мүмкіндік береді. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, 2000 жылдан бастап, төмен және орташа табыс табатын елдерге (мигранттар сол елдерден шығады) ақша аударымдарының жаһандық көлемі шамамен 6 есе өсті және 429 млрд долларды құрап отыр.
Қысқа мерзімді миграция мемлекетке оң әсер ететін болса, керісінше ұзақ мерзімді миграция елдің экономикасын тұралатуы мүмкін. Елде еңбекке қабілетті жастағы адамдар, білімді жастар мен білікті мамандар азаяды. Сонымен бірге «мидың ағуы» деп аталатын процесс, демек елге жаңалық ашып дамытатын, өте талантты, жоғары білімді азаматтардың кетуі орын алады. Олар кетсе экономика салалары тарылады әрі бизнес-орта нашарлай бастайды.
Ипотека және миграция
Ипотека белгілі біз мөлшерде миграциялық процесстерді реттей не болмаса, тіпті тежей де алады. Мысалы, елімізде қазір жақсы дамып жатқан «7-20-25» пен «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша 40 мыңға жуық отбасы мақұлдау алған. Бұл олардың Қазақстанда өмір сүретін ниетін көрсетеді. Себебі, заң бойынша, егер сізде Қазақстан аумағында өтелмеген берешек болса, онда сіз елден біржолата кетіп азаматтықты ауыстыра алмайсыз.
Көші-қонды қалай тоқтатуға болады?
Әлемдік, соның ішінде Еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша көші-қон саясаты кешенді түрде жүзеге асырылады. Оның ішінде адамдарды мемлекетте тұруға ынталандыратын жағдай жасау, билік институттарын нығайту, еңбек өнімділігін арттыру, диаспорамен жұмыс сияқты шаруалар істелінеді. Көші-қонды тиімді басқару үшін біз осы іргелі идеяларды жүзеге асыруымыз керек.