Үйді кепілге қою

Үйді кепілге қою. Банк қандай мүлікке кет әрі емес?

Ипотекамен үй алғысы келетін, немесе баспананы кепілге қойып, ірі несие алғысы бар азаматтың алдынан жылжымайтын мүлікті банкке кепілге қою қажеттілігі туындайды. Ол машақат сіздің де басыңыздан өткен болар? Бұған қатысты сұрақтар көп. Себебі, банк пәтер болсын, жер үй болсын, жер телімі болсын, оның барлығын бірдей кепілге қабылдай бермейді. Оны таңдап, електен өткізіп барып қана алады. Біз бүгін, қандай мүліктің кепілге жарайтыны және жарамайтыны жөнінде сөз қозғаймыз.

Кепілге не үшін жылжымайтын мүлік қоюымыз керек?

Кейде достарым «Қазір кепілсіз несиелер де бар ғой, неге кепілге үй қоюымыз керек» деп сұрап жатады. Осындайда бір нәрсенің басын ашып алу керек сияқты. Кепілзатсыз берілетін несиелер әрине бар, бірақ:

а) олардың пайызы тым үлкен, себебі банк ол несиенің тәуекелі жоғары деп санайды. Оны алу шын мәнінде өте тиімсіз;

б) сіз кепілзатсыз ешқашан ірі сома ала алмайсыз.

Сондықтан да, мысалы ипотека болсын, ірі ақшалай несие болсын, банк кепілзат ретінде жылжымайтын мүлік талап етеді. Оның ішінде «7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды танымал ипотекалық бағдарламаларды алып қарасақ, міндетті түрде өзіңіз сатып алып жатқан үйді кепілге қоюыңыз талап етіледі. Сондықтан, ипотекаға келгенде, кепілзат туралы міндетті түрде алдын-ала ақпарат алып, тақырыпты жан-жақты зерттеп алған жөн. Бұл ретте, салғырттықтың арты жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Мысалы, сізге белгілі бір баспана ұнап, тіпті оның сатушысына уәде беріп, алдын-ала сатып аламын деп ақшалай кепіл беріп қойдыңыз дейік. Бірақ, банк ол баспанаға сізге ипотека беруден бас тартты. Себеп? Сатып алайын деп отырған үйіңіз банктың кепілзатқа қойылатын талаптарына сай келмейді. Сонда сіз үй иесіне берген ақшадан да айрылдыңыз, уақытыңызды сарп еттіңіз, жүйкеңізді құрттыңыз.

Кепілзаттың басты талаптары қандай?

  • Тұрғын үйдің жасы. Ия, кәрі үй банкке қажет емес. Үйдің жасы 50 жылдан аспауы керек. Менің осы мақаланы 2020 жылы жазып отырғанымды ескерсек, демек банк қазір 1970 жылдан бері салынған үйлерге ғана ипотека береді. Ендеше, 60 жылғы хрущевкаларды ипотекаға сатып ала алмайтыныңызды ескеріп жүріңіз.
  • Тұрғын үйдің жағдайы. Ия,тұрғын үй бүлінбеуі керек. Ол апатты жағдайда болмауы керек, не сүрілу алдында тұрмауы тиіс. Банк оның бәрін ескереді.
  • Орналасқан жері. Қазақтың дархан даласында, айдаладағы ауылда орналасқан үйді ешбір банк кепілге алмайды. Өкінішті факт. Ол үшін жылжымайтын мүлік қала ішінде немесе оған жақын маңда орын тебуі тиіс.
  • Үйдің құрылысына қолданған материалдар. Сабан кірпіштен, қамыс каркасынан салынған үйлер кепілге алынбайды. Банктердің сондай ережесі бар. Үй капиталды түрде тұрғызылуы тиіс. Яғни, қабырға материалы — кірпіш, монолит не темірбетон болуы керек.
  • Заңды тіркелуі. Егер үйдің ішінде қайта өңдеулер жүрсе, қабырғалары сүріліп, не орындары ауысса, олардың барлығы тиісті мекемеде заңдастырылуы тиіс. Үйдің құжаттары дұрыс болуы керек. Үйдің атында ешқандай коммуналды төлем берешектері, басқа да түрлі қарыздар болмауы қажет.

Тағы қандай кедергілер бар?

Бір нәрсе есіңізде болсын. Егер отбасыңыз болса, үйді өз бетінше барып кепілге қоя алмайсыз. Мысалы, үй ортақ меншікте болған жағдайда, несие алып банкке кепілге қою үшін жұбайыңыздың және барлық ересек отбасы мүшелерінің нотариалды келісімі қажет болады.

Кепілзатқа тек қана пәтер мен жер үй ғана қойылады деп ойласаңыз қателесесіз. Әрине, әр банктың талабы әртүрлі. Бірақ көп жағдайда, егер нарықтық құны жоғары болса, банктер кепілзатқа жатақханадағы бөлмелер, үй салынбаған бос жер телімдерін де ала береді.

Ал, мен сіздің кепілзатқа қатысты барлық сұрақтарыңызға жауап берген сияқтымын. Өзіңізге қажетті ақпаратқа қашан да құлағыңыз түрік жүрсін және ең бастысы, баспаналы болыңыз!

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 49

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх