Еліміздегі танымал «7-20-25» ипотекасы тек салынып біткен, яғни құжаты бар бастапқы баспанаға ипотекалық несие береді.
Бастапқы дегеніміз – сіз сол үйдің алғашқы қожайыны болуыңыз тиіс. Ал қолдан пәтер алсаңыз – ол қолданыста болған пәтер ретінде саналады да, қайталама нарық деп аталады.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша тек құжаты дайын үйлер қарастырылатындығының өзіндік себептері бар. Оның барлығы отандастарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Себебі, салынып жатқан үйдің аяқталмай қалып, көптеген үлескерлердің алданып қалғанын біз 2005-2015 жылдар аралығында көрген болатынбыз.
Егер «7-20-25» ипотекасы бойынша салынып біткен, бастапқы баспана алған кезде, оның қандай артықшылықтары бар?
-
Қауіпсіздік
Қазақстанда құрылыс компаниялары үйді құрылыс процесінде сатып жіберуге тырысады. Содан олар өз құрылысына процентсіз қаржыландыру тартады. Қазіргі таңда пәтерлердің 80-90%-ы құрылыс кезеңінде сатылуда. Бірақ оның қауіптері көп. Көп жағдайда, құрылыс аяқталмай қалуы мүмкін. Ал құрылыс компаниясы жабылып қалады.
Сонымен қатар, үлескерлік бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберу сияқты алаяқтық фактілері де кездеседі.
Сондықтан, ипотекаға құжаты бар дайын үй сатып алу сіздің болашақ қаржылық қиындықтардан құтқарады.
-
Ұзақ күтпейсіз
Дайын пәтер – жөндеу/әрлеп жұмыстарын жасап алғаннан кейін сіздге оған бірден көшіп бару мүмкіндігін береді. Бұл уақыт және қаржының үнемделуі. Мысалы, сіз өз үйіңізге тез көшсеңіз, жалдамалы пәтер үшін ақы төлемейсіз.
-
Не сатып алатыныңызды нақты көресіз
Салынып жатқан үйдің қалай салынып бітерін сіз білмейсіз. Макеттегі әдемі сурет шын мәнінде олай болмай шығуы мүмкін. Ал дайын үйді сіз толық тексеріп, қыр-сырын анықтап, содан кейін ғана сатып алу бойынша шешім қабылдайсыз. Бұл көптеген болашақ проблемаларды бірден шешеді.
-
«Артық шаршылар» үшін төлемейсіз
Үлескерлік құрылыста бір қатер бар. Мысалы, алдын-ала ақшасын төлеп, 50 шаршы метр пәтер алдыңыз дейік. Салынып бітіп, техникалық паспорты шыққанда оның жалпы ауданы 52 шаршы метр болып шығуы да ғажап емес.
Сол кезде, құрылыс компаниясы сізден артық 2 шарты метрге қосымша ақша сұрай бастайды. Осыны ескеру керек.
Жалпы, қай жағынан алғанда да, салынып біткен, құжаты дүрыс, дайын үй – құрылысы жүріп жатқан жобаларға қарағанда анағұрлым тартымды болады. Кеңес беру бізден, шешім қабылдау сізден!