Шыны керек, қазіргі таңда Қазақстанның ірі қалаларынан құрылысы біткен, дайын үй табу қиын. Әсіресе, бұл мәселе Алматы қаласында ушығып тұр. Дайын үй көп жағдайда ипотекаға рәсімдеуге керек. Банк ешқашан құрылысы жүріп жатқан, әлі құжаты дайын емес, мемлекеттік кепілдігі жоқ үйге ипотека бермейді. Ал құрылыс компаниялары үйді тұрғызбай жатып сатып жіберуге әуес. Осы тұста, көптеген құрылыс компаниялары брондау механизмін енгізіп алғанын көріп отырмыз. Яғни, сатып алушыға үй бағасының бір бөлігін төлеп, үйді брондап қоюға, артынан салып біткеннен кейін көбіне танымал «7-20-25» ипотекалық бағдарламасымен алуға болатындығын айтып сендіреді.
Бұдан қандай қауіп бар?
Мұндай механизмнің қауіптері шаш-етектен. Ең алдымен, құрылыс компаниясының сізден брондауға деп ақша алуы мүлде заңсыз. Ол бұл мәмілені Үлестік қатысу формасында жасауы керек. Оның барлығы заң арқылы қарастырылған.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары. Жай сөзбен айтқанда – сіз ақша төлейсіз, ал сізге үй салып береді. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт – уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, бір тарап тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа тұрғын үйдегі үлесін беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және тұрғын үйдегі үлесін қабылдауға міндеттенетін, тараптардың құқықтық қатынастарын реттейтін шарт.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша жасалады және оны осы Заңның 12 бабында көзделген тәртіп бойынша тұрғын үй орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органда есепке қою сәтінен бастап жасалған деп есептеледі.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу:
- кепілдік беру қорынан кепілдік алу;
- екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;
- тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.
Тұрғын үйлердің құрылысы үшін осы бапта көзделмеген өзге тәсілдермен ақша тартуға тыйым салынады. Сондықтан брондау – заңнан тыс, құрылыс компанияларының өздері шығарып алған әрекет. Себебі, бұл кезде ешкім сізге ең алдымен сол үйдің салынып бітеріне, екіншіден банктің сізге «7-20-25» ипотекасын беретініне кепілдік бермейді.
Тағы бір ескертетін жайт – Заң аясында, яғни үлескер болып үйіңізді алсаңыз, ол үй қолданыста болған болып есептеледі. Сондықтан, ары қарай құрылыс компаниясымен есептесу үшін сіз дәл «7-20-25» ипотекасын ала алмайсыз. Себебі — «7-20-25» тек бастапқы үйлерге ғана ипотекалық кредит береді.
Сонда не істеу керек?
Әрине, ешкім сізге ұнатып тұрған, салынып жатқан үйді «брондама» деп айта алмайды. Бұл жерде тек, барлық орын алуы ықтимал келеңсіздіктерге жеке өз басыңызбен ғана жауап беретініңізді ескертеміз. Сондықтан, асықпай, барлық түйткілді саралап барып қана шешім қабылдаңыз.