Бізде несие алмаған адам жоқ шығар. Демек сіз банктік несиенің ай сайынғы төлемдері негізгі қарыз мен пайыздардан тұратынын білуіңіз тиіс. Негізгі қарыз — несие мөлшері. Тарқатып айтсақ, банк берген ақшаны сол несие мерзіміне бөлгенде негізгі қарызымыз шығады. Сыйақы — бұл банктің сізге несие бергені үшін алып отыратын сомасы. Қазақстанда несиені өтеу екі жолмен жүзеге асырылады: аннуитеттік және теңдей бөліп төленетін түрі (дифференциялды).
Қазақстан Республикасындағы «Банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес сіз несиені рәсімдеу кезінде банкке қалай төлем жасайтыңызды өзіңіз таңдайсыз. Енді осы екі әдістің сіз үшін тиімді және тиімсіз тұстарын саралап көрейік.
Аннуитеттік төлем
Егер сіз несиені аннуитеттік төлеммен төлеуді таңдаған болсаңыз, онда сіздің ай сайынғы төлемдеріңіз біркелкі болады. Есептеуге ыңғайлы. Бірақ үстінен артық төленетін ақша дифференциялды түрімен салыстырғанда көп болады. Демек сайып келгенде қаржылық жағынан тиімсіз. Тек сізге кредит беру туралы шешім қабылдағанда, аннуитетті таңдаған болсаңыз, банктің мақұлдау мүмкіндігі артады. Себебі, бар төлем біркелкі бөлінгендіктен, ай сайынғы жүктеме көп болмайды.
Дифференциялды төлем
Бұл жағдайға негізгі қарыз несие мерзіміне теңдей бөлінеді. Бірақ есесіне сыйақы жүктемесі несиенің бірінші жартысына көбірек есептеледі. Бастапқы төлемдердің тым үлкен болатыны да осыдан. Ай сайын төлеміңіз азая береді. Егер несиені ертерек жауып тастауды жоспарлап отырсаңыз, бұл ең қолайлы әдіс. Әрі аннуитетке қарағанда артық төлем сомасы әлдеқайда тиімді болып шығады.
Екі төлем түрінің қайсысы дұрыс?
Несие алуға келгендердің көбісі банк менеджері екі әдістің бірін таңдауды ұсынғанда, терең ойлана бермейді. Бастысы несиені мақұлдаса екен деп уайымдап отырады. Мысалы, «7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды танымал ипотекалық бағдарламаларды саралаған кезде, азаматтардың көбісі аннуитетті төлем түрін таңдағанын байқадым. Себебі, бұл жағдада банктің мақұлдау мүмкіндігі жоғары болып келеді. Өйткені бас жағындағы айлық төлемдер дифференциялды төлем түріне қарағанда аз шығады. Ал банк сыйақысынан үнемдегісі келгендер дифференциялды төлем түрін таңдайды. Тұрғын үй бағасын және ипотекалық төлемдердің мөлшерін ескере отырып, төлемдердің біртіндеп азаюы бір қарағанда тартымды көрінеді. Бірақ бұл тиімдірек пе?
Мысалы, сіздің аннуитет схемасы бойынша ай сайынғы төлеміңіз 36 000 теңгені құрайды. Ал жалақыңыз 120 000 теңге. Дифференциялды төлем кезінде бірінші айда 96000 теңге төлеуге тура келеді, демек айлық табысыңыздан дым да қалмайды. Сондықтан, ол біреуге жақса, біреуге жақпайды.
Тоқетері, несие аларда өз мүмкіндігіңізді асықпай тексеріп алыңыз. Сонда ғана, қай әдістің сізге барынша тиімді екенін біліп жүретін боласыз.