Ата-ана немесе ипотека. Қалай өмір сүрген дұрыс?

Менімен келісесіздер ме, кәмелет жасына толып, оң-солын танып, ересек болған кезде жақын туыстармен, оның ішінде ата-анаңмен бірге тұру оңай емес. Әсіресе, өз отбасың болғанда, балаларың дүниеге келгенде бұл мәселе мүлде шиеленісе түседі.

Дәл осы кезде көптеген жас отбасылар бөлек шығу жөнінде ойлана бастайды. Әрине, қолда дайын ақша болса баспананы сатып алуға болады. Онда бұл проблема өздігінен шешілер еді. Бірақ жас отбасылардың 90 пайызында ондай мүмкіндік жоқ екенін білеміз. Демек бұл сәтте бөлек шыққан дұрыс па, бөлек шықсақ пәтер жалдаймыз ба, әлде пәтерді ипотекаға алған тиімді ме деген сұрақтар мазалай бастайды.

Осы сұрақтардың дұрыс жауабы қандай? Біз осыны барынша саралап көрдік.

Ата-анамен бірге тұру

Бір нәрсемен келісуге болады. Ата-анамен бірге тұру қаржылық жағынан өте қолайлы. Пәтер жалдауға шығындалмайсыз, ай сайын ипотека төлемейсіз. Егер әке-шешеңіз жайлы адамдар болса, тіпті дәмді тағам, басқа да өмірдің жанға жайлы рахаттарына бөленіп жүресіз. Бірақ сіз әке-шешеңізбен тең дәрежедегі ересек адамсыз. Сондықтан өзіңіздің қаржылық шығындарыңызды ата-анаңызға түгелдей ысырып тастап, оларға арқа сүйей беру үлкен қателік болады. Бұл ретте сізге не олардың шығындарын жартылай болса да өз мойныңызға алу, не болмаса бөлек шығу мүмкіндігін қарастыру керек.

Егер ата-анаңыз жайлы болмай, сыйыспай жатсаңыз, онда мәселенің бір ғана жолы бар – үйден кетіп, бөлек өмір сүру.

Пәтерді жалға алу

Хош. Сіз үйден кеттіңіз дейік. Енді сізге баспана мәселесін шешу қажет болады. Оның мен көріп отырған екі жолы бар: пәтерді жалдау немесе ипотекаға үй алу.

Арнайы сайттарды зерттегенде, Алматы қаласындағы 2 бөлмелі пәтердің жалға беру бағасы айына орта есеппен 180 000 теңгеге шығатынын байқадым. Демек, егер осы пәтерде бір жыл тұрсақ, онда 2 160 000 теңге құртамыз. Ал 25 жылғы шығынымыз 54 миллион теңгені құрамақ.

Жалға алынған пәтерде тұрудың мынадай ыңғайлы тұстары бар:

  • Кез-келген уақытта кетіп қала аласыз;
  • Қаланың өзіңізге жайлы жерінен, қалаған ішкі құрылымымен, әрлеуімен пәтер таңдауға болады;
  • Мектеп немесе балабақшаға, басқа да қажетті нысанның жанында тұруға болады;
  • Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп немесе жиһаз сатып алып шығындалмайсыз. Көп жағдайда оның барлығы дайын тұрады.

Жалға алынған пәтерде тұрудың тиімсіз жерлері де жоқ емес:

  • Үйді қалауыңызша әрлей алмайсыз, себебі ол сіздің үйіңіз емес;
  • Кез-келген уақытта қожайын келіп, үйді босатуды талап етуі мүмкін;
  • Қожайын жалға беру бағасын қымбаттатып жіберуі мүмкін;

Ипотека

Барлығымызға жақсы таныс «7-20-25» бағдарламасымен Алматы қаласында үй алатын болдық дейік. Қазір бір бөлмелі жаңа пәтердің орташа бағасы 17 миллион теңге.

Егер осы бағамен пәтерді 25 жыл мерзімге ипотекаға алсаңыз, ай сайын 96 121 теңге төлейсіз. Алғашқы жарнаға 20 пайыз сізден шығады. Бұл жағдайда ипотекаға ай сайынғы төлем сіз пәтерді жалға алып төлегеннен 83 879 теңгеге арзан. 25 жыл ішінде банкке алғашқы жарнамен қосқанда 32,5 миллион теңге төлейсіз.

Ипотеканың мынадай тиімді тұстары бар:

  • Үйдің бағасы, пайыздық үстеме де өзгеріссіз қалады;
  • Сіздің үйіңіз жақсы инвестициялық құрал. Оны кез-келген уақытта сатып жібере аласыз;
  • Ең бастысы – бұл сіздің үйіңіз. Ешкім сізді қуып жібере алмайды.

Сонымен материалдық жағынан есептесек, егер ата-анаңыз жайлы болса, олармен бірге тұру өте тиімді болып шықты. Бірақ оның моральдік жағы да бар. Сізді ержеткенге дейін асырап келген әке-шешеңізге бұдан әрі салмақ түсіре беру жақсы нәрсе емес. Одан кейін тиімдісі – ипотека. Бұл ретте сіз сол үйге иелік етесіз, өзіңіз қожайынсыз. Ең тиімсізі – жалға алу. Жалға беру ақысы ипотекадан жоғары әрі кез-келген уақытта қожайын сізді ол үйден қуып жіберуі мүмкін.

Сізге не ыңғайлы? Таңдау тек өзіңіздің қолында. Біз жай ғана кеңес береміз!

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 49

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх