Ипотека қолжетімсіз деп жүрген адамдардың басым бөлігі алғашқы жарна жинай алмайтындықтарын айтады. Жалпы, айналамызда ақша жинай алмайтын адамдар көп. Ондай таныстарым да аз емес. Өзіме келсек, мен мақсат қойып, оған жете аламын. Демек, жинаймын десем, жинаймын. Алғашқы жарнаны аса қиналмай жинауға болады. «Қалай» дейсіз бе? Бірнеше кеңесімді жаттап алыңыз.
Бірінші кеңесім. Мақсат қойыңыз
Ипотека бойынша алғашқы жарна несие беретін банктің бұлжытпас шарты. Қазақстандағы ипотекалық бағдарламалар бойынша ең төменгі жарна тұрғын үй құнының 20%-ын құрайды. Сонымен бірге, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолданып, жарна жинауға болады. Жинаған алғашқы жарнаңыз банк үшін сіздің қаржыға келгендегі жауаптылығыңыздың дәлелі. Егер қанша жарна жинау керектігін білмесеңіз, алдымен өзіңізге ұнап жүрген пәтер құнына зер салыңыз. Осының алдында ғана, 20 пайыз туралы айттық. Демек, баспана бағасы 20 миллион теңге болса, 4 миллион теңге жинауыңыз керек.
Екінші кеңесім. Депозит ашыңыз
Егер сіз ақшаңызды ай сайын үнемдеп, депозитке салып жүрсеңіз, алғашқы жарна жинаудың еш қиындығы жоқ екенін білесіз. Қазір банк салымы — жинақтаудың ең ыңғайлы құралы. Ақшаңызды үнемдеп жинайсыз, оның үстіне банк сыйақы беріп отырады. Қазақстанда теңгедегі жинақ салымдары бойынша ставкалар жылдық 9 — 13,5% құрайды.
Үшінші кеңес. Отбасы бюджетін дұрыс басқару
50/30/20 ережесін естіп пе едіңіз? Орасан көмегі бар ереже. Классикалық жағдайда отбасылық бюджеттің жартысы тұрақты шығындарға жұмсалады: пәтр жалдау, балабақша, мектеп, көлік, тамақтану және басқа төлемдер. Жақсы дейік, балабақша, көлік және жалға алу шығындары өзгермейді. Мұнда ештеңе үнемдей алмаймыз. Алайда мен азық-түліктің бюджетін қысқартып, асхананың орнына үйден тамақ әкеліп іше бастадым. Балалар да мектепке тамақты үйден әкете бастады. Айына 25 мың теңге үнемдейді екенбіз.
Сіздің жалақыңыздың 20 пайызы күтпеген шығындарға қалдырылуы керек. Туған күнге, тойға шақырады. Сыйлықсыз бара алмайсыз. Кейде маңызды кездесулер болып қалады. Мен ондай жерде бір шыны шай немесе кофеге тапсырыс беремін — бұл 1000 теңгеден аспайды.
Ал, жалақының қалған 30 пайызын депозитке аудара беру керек.
Төртінші кеңес. Күтпеген шығыннан қашу
«Тізімі бар адам — маркетологтың басты жауы» деп бекер айтпаған. Дүкенге барсаңыз тауарлар басыңызды айналдырады. Қажеті жоқ заттар алып, бекер шығынға ұшырауыңыз мүмкін. Сондықтан, расымен де қажетті заттар тізімін алдын-ала жазып, оны қолыңызға ұстап дүкенге барыңыз.
Сонымен қатар, артық ішіп-жеуден, кафе, мейрамханалардан бас тартыңыз. Айлығының жартысын кафелерге құртатын достарымды білемін. Ипотека аламын деп мақсат қойған адамға, ақша шығындап көңіл көтеруді қоя тұрған жөн.
Негізі, ақша жинау – өте қызықты процесс. Басында қиындау болғанымен, кейіннен сізді еліктіріп алып кете алады. Алғашқы жарна жинауды бүгіннен бастаңыз. «Тарта жесең, тай қалар» дейді. Ақша жинап, үйлі болып жатқан азаматтар аз емес. Сіздің олардан қай жеріңіз кем?