36 мың отбасы үй сатып алды. «Баспана хит» бағдарламасы халық жадында несімен есте қалды?

Өзіне бөлінген 600 миллиард теңгеге ипотекалық несие беріп болған «Баспана хит» бағдарламасы осымен өз жұмысын тоқтатады. Сарапшылар оны «басынан аяғына дейін жеткізіліп, мақсаттары толық орындалған бағдарлама» деп атап отыр. Біз осы ипотеканың халықтың есінде несімен қалғаны туралы әңгіме қозғайтын боламыз.

«Баспана хит» нарыққа аса танымал «7-20-25» бағдарламасының ізін суытпай шыққан болатын. Осы мақсатта арнайы құрылған «Баспана» ипотекалық ұйымы аталған екі бағдарламаның сол кездегі операторы болды. Кейін ол «Қазақстанның орнықтылық қорымен» бірігіп, қор ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыруды ары қарай жалғастырды.

«Баспана хит» не себепті жарық көрді?

«Баспана хиттің» басты нарықтық драйвері қолданыста болған үйлер екені жасырын емес. Оның алдында Елбасының тапсырмасына сай әзірленген «7-20-25» бағдарламасы тек пайдалануға берілген бастапқы үйлерді ғана қамтыды. Бірақ сол уақытта халық тарапынан қолданыста болған баспанаға деген сұраныс көп болды. Сондықтан 2018 жылы қыркүйекте «Баспана хит» бағдарламасы ашылып, ол қолданыста болған үйлерді тиімді шарттармен ипотекаға алуға мүмкіндік берді. 3 жылдық тарихында бағдарлама бойынша 36 мыңнан астам отбасыға үйлі болған. Оның ішінде, ең көп ипотека алған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары, одан кейін Қарағанды, ал үшінші орында Алматы қаласының тұрғындары болды.

Шарттары қандай еді?

«7-20-25» бағдарламасынан айырмашылығы атында үйі бар азаматтар да ипотекалық несие ала алады. Ал кредиттің сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық Банктің базалық ставкасына байланысты болды. Ставканың үстінен 1,75% қосылып отырды. Базалық ставка 9% болып тұрған кезде «Баспана хит» бағдарламасының жылдық мөлшерлемесі 10,75% болып бекітілді. Алғашқы жарна тұрғын үйдің құнынан – 20% болса, қарыздың ең шекті мерзімі 15 жылды құрады.

Бағдарлама аясында сатып алынатын тұрғын үй бағасына шектеу қойылды. Мысалы: 35 млн теңге — Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бастапқы тұрғын үй үшін; 25 млн теңге – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы қолданыста болған тұрғын үй үшін, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы бастапқы және қолданыста болған тұрғын үй үшін; 20 млн теңге – Қарағанды қаласындағы бастапқы және қолданыста болған тұрғын үй үшін; 15 млн теңге – басқа өңірлердегі бастапқы және қолданыста болған тұрғын үй үшін деп бөлінді. Бірақ шарттары тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны, сондай-ақ тұрғын үйдің алаңын шектеген жоқ.

Қалай болғанда да, «Баспана хит» азаматтарды үймен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қана қоймай, ипотекалық нарыққа жан кіргізді. Бағдарламаға мүше болған банктер ипотекада үлкен тәжірибе жинақтады. Соның арқасында олар нарыққа өзінің жеке ипотекалық бағдарламаларын енгізіп, азаматтар қазір мол таңдауға ие болды.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 45

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх