Өткенде жақсы танысым пәтер сатып алды. Сатушымен келісім-шартты нотариалды конторада рәсімдеу мен растау үшін 47 226 теңге төледі. Негізі нотаруистар осы қызметі үшін 17 айлық есептік көрсеткішке тең сома алады. Аз ба, көп пе? Меніңше аз емес. Бірақ егер сіз ипотекаға үй сатып алып жатсаңыз, мемлекет тарапынан осыған қатысты жеңілдіктер бар екенін біле жүруіңіз керек. Әсіресе танымал «7-20-25» пен «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары арқылы үй алғанда нотариусқа 11 112 теңге ғана төлеуге болады. Төменде, оның қыр-сырын толықтай баяндайтын боламын.
Неге ипотеканы нотариалды рәсімдеу арзан?
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) 611-бабының бірінші тармағына сәйкес, егер мәміле ипотекалық несие бойынша алынған қаражат есебінен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатында жасалса, қалалық жерлерде нотариаттық операцияларды жасау үшін нотариус 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде мемлекеттік баж сомасын қабылдайды.
Сонымен қатар, «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-1-бабының бірінші тармағында нотариус ипотекалық несие бойынша алынған қаражат есебінен жылжымайтын мүлік алу мақсатында мәміле рәсімдеген кезде, техникалық және құқықтық сипаттағы қызметтері үшін 2 (екі) АЕК мөлшерінде төлем қабылдайды.
Қорыта келгенде, ипотека арқылы үй сатып алып, оның келісім-шартын растау кезінде нотаруис сізден 4 айлық есептік көрсеткішке тең соманы алуы тиіс. Биыл ол 11 112 теңге.
Арзан рәсімдеуге қалай қол жеткіземіз?
Егер сіз ипотека бойынша үй алып жатсаңыз, банк сізге беретін кепіл хатында сіздің ипотекалық несие есебінен үй сатып алып жатқаныңызды жазып көрсетуі тиіс. Осы хаттың негізінде нотариустың тек 4 АЕК көлемінде төлем алуын талап етуге болады. Оның жартысы баж ретінде мемлекеттік бюджетке төленеді, ал жартысын нотариус өз қызметі үшін алуы тиіс. Әйтпесе сіз де нотариусқа 47 226 теңге төлеуге мәжбүр боласыз.
Өз құқығыңызды біле жүрген абзал
Менің білуімше «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының тарихында клиенттің нотариус алдында өз құқығын сәтті қорғай білген оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде азамат нотариусқа артық төлеген 32 825 теңгені сот арқылы қайтарып алды.
Егер бізді ұдайы оқып жүрсеңіз үйлі бола аласыз және оған артық ақша шығындамайсыз. Мен өз кезегінде ипотека саласының барлық пайдалы кеңестерін жинап, сіздерге ұсынып отыратын боламын. Қоштаспаймыз, комментарий жазамыз достар!
Здравствуйте, очень полезная информация💐. Про переоформление квартир можете тоже сказать? На самом деле сколько стоит?
Переоформление от 35 тысяч тенге
Өте орынды екен сізге рахмет
Рахмет