Ипотека мифтері

Ипотека мифтері: 25 жыл құлдық

Танымал «7-20-25» ипотекасы туралы әлеуметтік желілердегі түрлі комментарийлерді оқып отырып, бір түсініктің қалыптасып қалғанын байқадым. Адамдар «мойнымызға 25 жылға қамыт киеміз» деп ойлайды және жазады екен. Яғни ипотека алса, барлық 25 жыл бойы тоқтамай төлеу керек деген ұғым бар. Шынымен солай ма? Мен бұл тақырыпты зерттеп көрдім. Мүлдем олай емес.

3 айдан бастап

«7-20-25» ипотекасында (айтпақшы, қолданыста болған үйлерге ипотекалық несие беретін «Баспана Хит» бағдарламасында да дәл осылай) кредиттің шекті мерзімі — 25 жыл. Яғни, 26 немесе 27 жылға ипотека ала алмайсыз. Бірақ шекті мерзім дегеніміз, барлығы жаппай 25 жылға ипотека алуы тиіс деген сөз емес. Қанша жылға созарын өзіңіз ғана шешесіз, тек ол шекті мерзімнен аспауы тиіс. Демек, ипотеканы 1 жыл дейік, 5 жыл, 10 жыл, 15 жыл, 20 жыл деп ала беруге болады. Ол сіздің төлемқабілеттілігіне байланысты болмақ.

Сонымен бірге мен «7-20-25» ипотекасымен жұмыс істейтін 8 банкке хабарласып, ипотеканың ең қысқа мерзімі туралы ақпарат алдым. Естеріңізде болса, бұл ипотеканы Центркредит Банкі, АТФБанкі, Jysan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank, Сбербанк береді. Білгенімше, ең қысқа мерзім 3 ай екен. Демек, ипотеканы тіпті 3 айға алуға болады. Бұл 25 жыл бойы төлейміз деп жаңылысып жүргендерге менің берген жауабым болмақ. Бірақ әрине, көбісінің ешқашан ипотеканы 3 айға рәсімдемейтіні бәсененеден белгілі.

Мерзім таңдауы

Ал жалпы, «7-20-25» ипотекасын қай мерзімге алған дұрыс? Осындай сұрақтар көбірек қойылады. Мысалы, үй бағасы 20 млн теңге дейік. Тіпті қымбат қалалар дейтін Нұр-Cұлтан мен Алматыда мұндай бағаға кем дегенде екі бөлмелі пәтер табуға болады.

Сонымен, үй бағасы 20 млн теңге болса, біздің алғашқы жарнамыз кем дегенде 4 млн теңге болады. Ал банктің берері 16 млн теңге. Егер осы ипотеканы 25 жылға алсақ, айына 113 мың теңге төлеп отырамыз. Егер мерзімді 20 жылға дейін қысқартсақ, ай сайынғы төлем 124 мың теңге. Демек ипотеканы бақандай 5 жылға қысқартқанда, ай сайын төлейтініміз небары 10 мың теңгеге көбейеді. Бұл аса көп емес. Бәрібір ол он мыңды біз анда-мында жұмсап қоямыз. Ал 15 жылға қысқартсақ, төлем 143 мың теңгеге шығады екен. Үстіне айына 30 мың теңге. Бұл енді біреу үшін көптеу болу мүмкін. Сондықтан, мен өз басым, дәл осы бағадағы үйді 25 жылға емес, 20 жылға алар едім. Сонда айына үнемдейтін 10 мың теңге үшін 5 жыл қысқартып тастаймын.

Ипотекадан оңай құтылудың жолы

Ипотеканы мүмкіндік болса тез жауып тастау керек. Ол үшін, егер айына белгіленген сомадан артық төлесеңіз, менеджерге қоңырау шалып, бірден негізгі соманы азайту үшін бөлшектеп өтеуді сұраңыз. Негізгі қарыз азайса, проценттері де бірден азаяды. Басты азайтуыңыз қажет нәрсе – ол негізгі қарыз. Кредитті өтеудің аннуитетті тәсілінде, алдымен банк проценттерінің көбірек өтеліп, негізгі қарыздың баяу азаятынын ескеріңіз.

Бүгін мен «7-20-25» ипотекасы туралы ең бір таралып кеткен жаңсақ миф – 25 жылдық қамыт туралы сұраққа барынша жауап беруге тырыстым. Ал дұрыс шешім қабылдау тек өзіңізге байланысты.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 45

2 коментария “Ипотека мифтері: 25 жыл құлдық

  1. Бұл бағдарлама тек байларга арналган сол себепти копбалалы и жалгызбасты аналар алу бизге арман, қиял болып каларына кім кепіл береді. Ааай қайдааам 🤔

    1. Сұрағыңызға рахмет! Сізге бұл жағдайда Бақытты отбасы, Шаңырақ бағдарламаларын қарастыру керек. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне хабарласыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх