Ипотека алғысы келетін азаматтардың көбісі тұрғылықты тіркеуді (прописка) ойлап, уайымдап кетеді. Себебі осыған қатысты интернеттегі ақпарат шұбалаңқы әрі түсініксіз. Бүгін біз осы мәселеге нақты нүкте қоятын боламыз. Сонымен, қай ипотекаға прописка керек, ал қай ипотека прописканы қажет етпейді?
Алдымен, прописка туралы қысқаша шолу жасасақ. Қазақстан Республикасының азаматтарының тұрғылықты жері бойынша тіркелуі «Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидалары және Қазақстан республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы қаулысына сәйкес, тұрғылықты жерді тіркеу, ішкі мигранттың уақытша болу (тұру) орнында тіркеу (тіркеу) тұрғын үйдің меншік иесінің (жалдаушысының) жазбаша түрде немесе электронды түрде электрондық цифрлық қолтаңба құралымен расталған келісімімен жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, пропискаға тұрғызуды да, алып тастауды да сол тұратын үйдің қожайыны шешеді.
Заң бойынша пропискаға тек тұрғын үй, яғни пәтер немесе жер үйде ғана тұру міндетті емес. Мысалы, саяжайларда, бау-бақша бірлестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, диспансерлерде, медициналық мекемелер, пансионаттар, қарттар үйіне де пропискаға тұруға болады.
Прописканы талап етпейтін ипотекалық бағдарламалар
Ипотекалық бағдарламалардың барлығына бірдей сіздің тұрғылықты тіркеуде болуыңыз міндетті емес.
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы
Мәселен, Қазақстандағы ең танымал ипотека – «7-20-25» бағдарламасы қарыз алушының ешқандай тіркеуде тұруын қажет етпейді. Сіз бір қалада тұрып, жұмыс істеп жүріп, Қазақстанның қалаған басқа өңірінен, қаласынан үй ала аласыз. Сізді ешкім шектемейді. Бастысы, Қазақстан азаматтығы мен ресми табысыңыз болуы тиіс. Сонымен бірге, басыңызда үй болмау керек және сізде басқа ипотекалық қарыздың болмауы шарт.
«Баспана хит» ипотекасы
Биылғы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасында да шектеулер өте аз болды. «7-20-25» сияқты, мұнда да пропискаға қатысты шектеулер болмады. Одан бөлек, қарыз алушының атында үй болса да қатысуға рұқсат етілді. Бағдарламада қатысушының басында басқа ипотекалық кредит болмауы тиіс деген бір ғана шектеу қойылды.
«Өз үйім», «Әскери баспана» бағдарламалары
Отбасы банктің «Өз үйім» және «Әскери баспана» бағдарламалары да прописканы талап етпейді. Соның арқасында Отбасы банк тарапынан ұсынылатын тиімді үйлерді басқа қаладан келіп, сатып алу мүмкіндігі бар. Азаматтар үшін бұл өте қолайлы ұсыныс.
Алматы жастары, Елорда жастары
Жастарға арналған арнайы тиімді бағдарламалар олардың жұмыс өтілін, бекітілген жас лимитінен асып кетпеуі мен сол қалада жұмыс істеуін ғана қадағалайды. Прописка бойынша шарттары жоқ.
Коммерциялық ипотека
Екінші дәрежелі банктердің жеке коммерциялық ипотекаларында да пропискаға қатысты ешқандай талап, шарт жоқ. Шарттың көбісі азаматтың төлемқабілеттілігіне, кепілзаттың жағдайына қатысты қойылады. Және олар әртүрлі болып келеді.
Прописканы талап ететін ипотекалық бағдарламалар
Жалпы, пропискаға қатысты талап Нұр-Сұлтан (сол уақытта Астана) мен Алматы қалаларынан тұрғын үй нысанын алуға басқа өңірлерден түскен өтініштердің көбейіп кетіп, соның қырсығынан жергілікті кезек жылжымай қалғандықтан алғаш болып «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Сол бағдарламаның ізін жалғастырған «Нұрлы Жол», одан кейін «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламаларында да осы талап сақталып қалды. Яғни, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында азаматтар жергілікті әкімдікке үй кезегіне тұру үшін, сол қалаларда кемінде 2 жыл бойы мекен-жайды ауыстырмастан тұрғылықты тіркеуде тұруы қажет. Демек осы талап «Нұрлы Жер» аясына кіретін ипотекалық бағдарламаларда қойылады. Біз оларды тарқатып жазбақпыз.
«Шаңырақ» бағдарламасы
Отбасы банк жүзеге асыратын «Шаңырақ» бағдарламасына тек әкімдік кезегінде тұрған азаматтар ғана қатыса алады. Сәйкесінше, әкімдік кезегіне тұру үшін олардың ішінен Нұр-Сұлтан мен Алдматы қаласының тұрғындары кем дегенде соңғы екі жылдық тұрғылықты тіркеуін көрсетуі тиіс. Мекен-жайды өзгертуге болмайды. Және бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының аумағына кірмейтін, бірақ шекаралас елді-мекендерде тұратын азаматтардың да жағдайы ескерілді. Олар не өз облыстары бойынша, не шекаралас орналасқан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында да тұрғын үй кезегіне тұра алады.
«Бақытты отбасы»
Көпбалалы аналарға арналған мемлекеттің ең тиімді ипотекасы да Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан үй алатын жағдайда, прописка бойынша шарт қояды. Оның шарттары жоғарыда жазылған «Шаңырақ» бағдарламасымен бірдей.
Енді сіз қай ипотекаға прописка керек, ал қайсысында қажет емес екенін жақсы білдіңіз. Осы ақпарат сізге барынша көмектеседі деген ойдамыз. Досыңызға, жақындарыңызға да таратып жүріңіз!