Кредит каникулы

Кредит каникулы. Уақытша ай сайын төлемеу үшін не істеу керек?

Қазір ешкімге оңай емес. Коронавирус пандемиясына байланысты халық зардап шегуде. Бәріміз шығындарды азайтудың жолдары мен мүмкіндіктерін мұқият зерделей бастадық. Көптеген отбасыларға несие, ипотека, автокөлік немесе кепілсіз несие сияқты ай сайынғы төлемдерді төлеу қиын болып отыр.

Әрине, несие алған кезде, бізге ешкім вирус тарап, қиналасыңдар деген жоқ. Оны кім білді? Жалақыларын сақтап қалған адамдар үшін қуаныштымын. Алайда табысын жоғалтқан, жалақысы азайған немесе жалақысы сақталмайтын демалысқа кеткендер аз емес. Барлық дерлік бизнес секторлары өткір дағдарысты бастан кешуде. Дәл осы кезде несие төлемдерін шегеру туралы сұрақ туындай бастайды.

Біз қазір жансақтау режиміндеміз. Яғни қажетсіз нәрсені алып тастап, бастысы отбасымызды тамақпен қамтамасыз етуге көштік. Мемлекетке де рахмет. Ол барлық несиелік ұйымдарға негізгі қарыз және сыйақы бойынша төлемдерді кемінде 3 айға кейінге қалдыруды тапсырып отыр.

Кредиттік каникулдың қандай түрлері бар?

Жалпы, несие төлемдерін шегеру біреуге жақса, біреуге жақпауы мүмкін. Себебі, төлемдерді кейінге қалдыру ол қарызды кешіру болып саналмайды. Демек, егер сіз банкке қарыз болсаңыз, не болса да қарызды қайтаруыңыз керек. Ал кейінге қалдыру тек несие шарттарын өзгертеді. Сондықтан кейінге қалдырылған несие төлемдерін кредиттік каникул деп атайды. Олардың бірнеше түрі бар:

1. Негізгі қарыз және сыйақы бойынша төлемдерды тоқтатып, несие мерзімін созу. Қарыз алушы мен банк ай сайынғы төлемдерді белгілі бір уақытқа тоқтатып, төлем кестесін дәл сол мерзімге ұзартады. Төлемдер мөлшерінде ешқандай өзгеріс болмайды. Менің ойымша, бұл бухгалтерлік есеп пен механизмді түсіну тұрғысынан ең ыңғайлы нұсқа. Сонымен қатар, банк кейінге қалдыру кезеңінде төленбеген сомаға айыппұлдар мен өсімпұлдарды талап етпейтін болады.

2. Төленбеген соманы несиенің қалған уақытына біркелкі бөлу. Бізде осы әдіс жиі қолданылады. Бұл қалай жұмыс істейді? Мысалы, сіз 3 айға кейінге шегерім алдыңыз дейік. Негізі кестеңіз бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 50 мың теңгені құрайды. Демек, сіздің 3 айға төленбеген қарызыңыз, 150 мың теңге несиенің қалған уақытына бөлінеді. Яғни бұдан кейін ай сайын сәл көбірек төлейтін боласыз.  Банк сізге жаңа төлем кестесін жасап береді.

3. Төленбеген соманы несиенің соңғы 6-3 айына бөлу. Бұл осының алдындағы нұсқаға өте ұқсас. Бірақ төленбеген қарыз несиенің қалған мерзіміне емес, тек соңғы 3-6 айына бөлінеді. Сіздің соңғы төлемдеріңізді айтарлықтай қымбаттатады. Оған да жаңа кесте жасату қажет болады.

4. Шегерім мерзімі біткеннен кейін қарыз болған барлық соманы төлеу. Бұл шегерімдің ең ауыр түрі. Тіпті оны алғаннан көрі, алмай-ақ қойған дұрыс. Мысалы, 3 ай бойы шегерім алғаннан кейін, сіз банкке 150 мың теңге қарыз болып тұрсыз. Енді төртінші айда, сізге жаңағы 150 мың теңге қарызды бірден жабу керек, сонымен бірге төртінші айдың төлемін де беру керек. Сонда, бір мезетте бірден 200 мың теңге төлеу қажет болады.

5. Негізгі қарызды шегере тұру. Бұл кезде қарыз алушы несие бойынша сыйақыны ғана төлеп отырады. Ал негізгі қарыз уақытша төленбейді. Сіз үшін бұл нұсқа аса тиімді емес. Өйткені несие мерзімі ұлғаяды және сәйкесінше артық төлем сомасы көбейеді.

6. Сыйақыны шегере тұру. Бұл кредиттік каникулдардың тым сирек кездесетін түрі. Тек негізгі қарыз төленіп отырады да, пайыздары жүрмейді. Бұл қарыз алушыға өте пайдалы. Төлемді айтарлықтай азайтпаса да, сайып келгенде несие бойынша жалпы төлем күрт төмендейді.

Қазақстанда кредиттік каникулдардың қандай түрлері жұмыс істейді?

Елімізде 16 наурыздан 15 сәуірге дейін Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Мемлекет басшысының жарлығымен барлық несиелік ұйымдар азаматтарға несие шегерімдерін беруге міндетті. Төлемдерді кейінге қалдыру барысын жеңілдету үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ауыр жағдайға ұшыраған тұрғындардан, шағын және орта бизнес нысандарының несиелері бойынша негізгі қарыз бен сыйақы төлемдерін тоқтата тұру тәртібін бекітті. Барлық несиелер түрі, оның ішінде «7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды танымал ипотекалық бағдарламалар да төлемдерді кейінге қалдыру енгізілді. Мысалы, осы ипотекалық бағдарламалар бойынша банктер біз айтқан алғашқы төрт нұсқаны қолданады. Біздің ойымызша бұл өте жақсы ұсыныс.

Ипотека бойынша осы шегерімді қалай алуға болады?

«7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды танымал ипотекалық бағдарламалар негізінде шегерімдер алу жолдарын қарастырып көрейік. Карантин енгізуге байланысты кредиттік каникул келесі себептер бойынша беріледі:

  • жалақысы сақталмайтын демалыста болу, жұмыссыз қалу, еңбек шартын бұзу және басқа еңбек қатынастарын тоқтату;
  • жалақыны немесе басқа кірісті төлеуді қысқарту немесе тоқтата тұру;
  • төтенше жағдай және (немесе) карантин қолданылатын аумаққа кіру (шығу) бойынша шектеулерге байланысты қызметкер жұмыс орнында бола алмаса;
  • қаржылық жағдайдың нашарлауын көрсететін басқа себептер.

Қарыз алушы қаржылық жағдайдың нашарлау себептерін көрсете отырып, еркін түрде өтініш жазуы керек. Банктер сізден өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты сканерлеуді немесе суретке түсіруді талап етеді. Сканерленген немесе суретке түскен құжаттарды банктерге қашықтықтан жіберу керек. Басқа растайтын құжаттар, мысалы, жұмыс туралы анықтама талап етілмейді.

Банктер қалай кредиттік шегерім береді?

Банктер өтінішті 10 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер жеке тұлғаның қаржылық жағдайы нашарламағаны жөнінде ақпарат болса, банк төлемді кейінге қалдырудан бас тарта алады. Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде қарыздар өндірілмейді. Яғни банктер берешекті өтеу қажеттілігі туралы клиенттерге хабарлама жібермейді.

Және ең маңызды жаңалық, «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша, шегерім кезінде клиенттің несие тарихы бұзылмайды.

Пандемия кезінде өз денсаулығыңызды сақтау үшін үйде болып, банктен барлық операцияларды қашықтан алып отыруды сұраймын. Қазір барлық банктер қашықтан қызмет көрсету арналарын ашты және клиенттің бөлімшеге келуі маңызды емес. Өзіңізді күтіңіз.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 47

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх