Ипотекаға қажет анықтамалар. Оларды қайдан аламыз?

Өздеріңіз білесіздер, ипотекалық кредит рәсімдеген кезде банк міндетті түрде анықтамалар сұратады. Кейде оның саны көп, кейде аз болады. Бірақ қалай болғанда да, бәрінің бірдей талап ететін негізгі анықтамалары бар. Бүгін біз осы тақырыпқа кейіннен тоқталып, сізге оны алудағы барлық жолдарды көрсетіп бергіміз келеді.

Ең алдымен айта кету керек, көптеген анықтамаларды онлайн алуға болады. Бұл, менің ойымша, мемлекетіміздің цифрландыру бойынша ең үлкен жеңісі. Ешқайда жүгірудің қажеті жоқ. Тіпті осының алдында электронды цифрлі қолтаңба қажет болса, қазір телеграм бот пайда болғаннан кейін ЭЦҚда керек емес.

Банк сұрататын негізгі анықтамалар

Мысал ретінде бәрімізге жақсы танымал «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қарастырғым келеді.  Бағдарлама шарттары бойынша қарыз алушы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
3) ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы;
4) Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы.

Анықтамалар да осы талаптарға сай сұратылады. Демек, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін біз алдымен кірісіміздің бар екенін, атымызда үй жоқ және басқа ипотекалық кредиттің жоқтығын дәлелдеуіміз керек. Яғни бізге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан (электронды үкімет Egov.kz, Халыққа қызмет көрсету орталықтары) атымызда үй жоқтығын дәлелдейтін анықтама мен зейнетақы жарналарының түсуі бойынша выписканы, ал жұмыс орнынан табыс туралы анықтама мен мемлекеттік кредиттік бюродан басқа ипотеканың жоқтығы туралы анықтаманы алу керек. Осы соңғысын сіздің рұқсатыңызбен банк өзі сұратады. Демек сізге кредиттік бюроға барудың қажеті жоқ. Аяғыңызбен барып алатын жалғыз құжат — жұмыс орнынан берілетін сіздің жалақыңыз жөніндегі анықтама. Ал атымызда үй жоқтығын дәлелдейтін анықтама мен зейнетақы жарналарының түсуі бойынша выписканы қалай онлайн аламыз? Оны қазір түсіндіретін боламын.

Анықтамаларды онлайн алу жолдары

Бүгін мен Электронды үкіметтің телеграмдағы боты арқылы қалай тез анықтама алуға болатындығын түсіндіремін. Ол үшін сізде телеграм мессенджері болуы тиіс. Жоқ болса телефоныңызға жүктеп қоюыңыз керек.

Телеграмдағы іздеу батырмасын басыңыз. Онда EgovKzBot2.0 деп теріңіз. Сонда бот пен публичный канал деген екі адрес шығады. Осының тек Бот дегеніне кіресіз.

Боттан атымызда үй жоқтығын дәлелдейтін анықтама алу үшін, Басты мәзірден – «Көрсетілетін қызметтер» батырмасын таңдап алып басыңыз. Ондағы тізімнен «Жылжымайтын мүлік» батырмасын тауып алып, соны басыңыз. Сол кезде қызметтің ең басында «Жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтаманы мессенджер арқылы алу» деген батырма пайда болады. Соны басыңыз. Өзіме немесе балама деп шығады. Анықтама бізге керек болатындықтан «Өзіме» батырмасын басамыз. Ары қарай өңірді таңдау керек болады. Онда өзіңіз тұратын өңірді көрсетуіңіз керек. Сол кезде бот телефоныңызға СМС код жібереді. СМС код енгізгенде, «Өтінім жасалды» деп оның нөмірі шығады. Жауап күтіңіз. Бот тез арада сізге анықтамасы бар жауап жібереді. Оны не сол жерден телефоныңызға жүктей аласыз немесе кез-келген электронды поштаға жібере аласыз.

Енді боттан зейнетақы жарналарының түсуі бойынша анықтама алу үшін, Басты мәзірден – «Көрсетілетін қызметтер» батырмасын таңдап алып басыңыз. Ондағы тізімнен «Зейнетақымен қамтамасыз ету» батырмасын тауып алып, соны басыңыз. Сол кезде қызметтер тізімінде екінші болып «Зейнетақы аударымдары туралы анықтаманы мессенджер арқылы алу» деген батырма пайда болады. Соны басыңыз. Кезеңді таңдау керек болады. «Cоңғы жыл» деп басыңыз. Сонда соңғы 12 айдың аударымдары тізбектеледі. Осы кезде бот телефоныңызға СМС код жібереді. СМС код енгізгенде, «Өтінім жасалды» деп оның нөмірі шығады. Жауап күтіңіз. Бот тез арада сізге анықтамасы бар жауап жібереді. Мұны да не сол жерден телефоныңызға жүктей аласыз немесе кез-келген электронды поштаға жібере аласыз.

Қарап отырсаңыз еш қиындығы жоқ. Бас-аяғы 5-10 минутта біз телеграм бот арқылы ипотека алуға қажет анықтаманың екеуіне ие болып отырмыз. Басыңызда басқа ипотекалық кредиттің жоқтығын дәлелдейтін анықтаманы банктің кредиттік бюро арқылы өзі беретінін ескерсек, бізге тек қана жұмыс орнынан жалақы туралы анықтаманы барып алу керек болады.

Айтпақшы, сол бот арқылы түрлі анықтама алуға болады. Онымен қызметтер тізімін қарап отырып, өзіңіз таныса аласыз.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 26

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх