Біз «кредиттік калькулятор» деген сөз тіркесін жиі естиміз. Бірақ мәнін түсіне бермейміз. Ал шындығына келгенде, ол несие алуды көздеп жүргендер үшін болашақтағы картинаны, ай сайынғы төлемді, артық төлеу сомасын алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгін осы тақырып төңірегінде сөз қозғағым келіп отыр.
Кредиттік калькулятор деген не?
Несие калькуляторы – банкке бармай-ақ несиенің ай сайынғы төлемдері мен артық төлемдерді есептеуге мүмкіндік беретін жан-жақты құрал. Сонымен бірге ол несие кестесін жасақтайды, әр айда негізгі қарыз сомасы мен банк сыйақыларының қалай өзгеретінін көрсетеді. Кредиттік калькулятор деген нақты бір қолмен ұстайтын, кәдімгі калькулятор сынды пластиктен жасалған зат емес. Ол – веб-сайт, мобильдік қосымша түрінде келетін арнайы цифрлік сервис.
Кредиттік калькуляторды қалай қолданамыз?
Калькуляторды қолдану өте оңай. Бірақ ең алдымен, сіз мынадай ақпаратты анықтап алуыңыз керек. Ол банктік несиенің сыйақы мөлшерлемесі, аннуитет немесе дифференциалды деп бөлінетін несиенің төлем түрі, сонымен бірге мерзімі мен алғашқы жарна көлемі.
- несиенің сомасы;
- алғашқы жарна (егер алғашқы жарна қарастырылмаса 0% деп қалдыруға болады);
- сыйақы мөлшерлемесі;
- есептелу түрі (аннуитет/дифференциалды);
- мерзімі (ай немесе жыл);
Енді осы параметрлерді өзгерту арқылы сіз өзіңізге ай сайын төлеп отыруға қолайлы несие сомасын, мерзімін, сыйақы мөлшерлемесін, есептелу түрін таңдай аласыз. Одан кейін банкке барған анағұрлым жеңіл болады. Себебі сіз өзіңізге қандай шарттардың барынша тиімді екенін алдын-ала біліп келесіз.
Ипотекалық калькулятор
Несие калькуляторының ерекше, нақты бағытқа арналған салалық түрі бар. Ол – ипотекалық калькулятор. Оның жалпы несие калькуляторынан ерекшелігі нақты бір ипотекалық бағдарламаға арналуында. Мысалы, ең танымал ипотека — «7-20-25» бағдарламасының ипотекалық калькуляторын қарастырып көрейік.
Арнайы калькуляторда өзіңіз көріп отырғандай бағдарламаның сыйақы мөлшерін енгізбейсіз. Ол автоматты түрде есептеледі. Сонымен бірге несие сомасы емес, пәтер бағасы арқылы ай сайынғы төлемді, алғашқы жарнаның қанша болу керек екенін есептеуге мүмкіндік бар. Елімізде көптеген ипотекалық бағдарламалардың өзіндік жеке калькуляторлары әзірленген. Сол арқылы ипотека алуды ойластырып жүрген азаматтар қажетті есеп-қисабын онлайн түрде жасай алады.
Бүгінгі ақпарат сізге пайдалы болды деп ойлаймын! Және болашақта үйлі болуыңызға тілектеспін!