Осы сұрақ алдымыздан қашан да шығып отырады. Пәтер үйде болмайтын, түнде ұйықтауға ғана келетін жандар үшін жайлы шығар. Ал отбасы мүшелері көп, жерге бауыр басып қалғандарға жер үй ыңғайлы десе де болады. Бірақ таразының екі жағына қандай тұжырымдарды сала аламыз? Нақты қалай таңдау жасаймыз? Осы қиын таңдау туралы мен бүгін кеңінен жазғым келген. Ендеше, кеттік!
Пәтерде тұру: жақсы және жаман тұстары
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 10 млн азамат қалаларда және қалалық жерлерде, ал 8 миллион азамат ауылда тұрады. Қазақстанда урбанизация немесе басқаша айтқанда, ауылдық жерлерден қалаларға көшу процесі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстандағы тұрғын үйдің жалпы саны шамамен 5,1 миллион болады, оның ішінде 3,2 млн пәтерлер және 1,9 млн жер үй бар. Статистика көптеген жандардың пәтерде тұрып жатқанын аңғартады. Сондықтан мұның жақсы және жаман жақтарын қарастырайық.
Плюс 1. Көршілер
Пәтерде тұрудың бірінші артықшылығы – көршілердің көптігі. Көршілер, әсіресе әжелер сіздің өміріңізге өте мұқият қарайды. Бұл сіздің пәтеріңізді әрдайым қадағалап отыратын қосымша күзет бар екенін білдіреді.
Плюс 2. Инфрақұрылым
Үйдің жанында мектеп, балабақша, үлкен және кіші дүкендер, сұлулық салоны және тіпті кафе болуы мүмкін. Егер сізде көлік болмаса, қаланың кез келген жеріне бару оңай, өйткені аялдамалар әрқашан сізге жақын орналасады.
Плюс 3. Пәтер жаңалау мүмкіндігі
Егер сіз апаттық деп танылған немесе тозығы жеткен үйде тұрсаңыз, жаңа пәтерге тегін көшуге болады! Әкімдік сізге көмектеседі. Ал жер үйде өкінішке орай, жыртығыңызды тек өзіңіз жамайсыз.
Плюс 4. Аула тазалығы
Пәтердегі өмір қыста тамаша — ауланы қардан тазартудың қажеті жоқ. Пәтер иелері кооперативі бұл жұмысты өз мойнына алған. Жер үй тұрғындары дәл осы тұста пәтерге қызыға қарайды.
Плюс 5. Байланыс
Су, газ және жарық сияқты коммуникациялар дайын болады. Оларды өзіңіз жүргізбейсіз. Бұзылып жатса, арнайы қызмет келіп жөндеп береді.
Бірақ пәтерде бәрі тамаша ма? Әрине жоқ. Енді кемшін тұстарын қозғасақ.
Минус 1. Көлік тұрағы
Бірінші минус – көліктің кіріп-шығуы мен оны тұраққа қою. Көліктер саны артқалы бері, аулада орын табу мүмкін емес. Паркинг бар болса, оны сатып алып, қосымша шығындалу қажет.
Минус 2. Пәтер аумағы
22 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде жүріп-тұру қиынның-қиыны. Әрине, шағын пәтер уақытша таңдау болуы мүмкін. Оны «7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды ипотекалық бағдарламалар көмегімен кеңейтіп, үлкен әрі жайлы баспанаға айналдыруға болады.
Минус 3. Коммуналдық төлемдер
Коммуналдық төлемдердің қымбаттығы – айтарлықтай минус. Шынында да, су, электр, газ, қоқыс шығару және басқа шығындарды төлеуден басқа, подъездерді, шатырларды, үйді күтіп-ұстау және басқа да ортақ үй қажеттіліктерін жөндеу үшін төлемдер бар.
Минус 4. Шу
Көп қабатты үйлерде, әсіресе дыбыстық оқшаулауы нашарлау панельді ғимараттарда шу өте көп болуы мүмкін. Сізге тыныштық қажет болса, пәтер жаныңызды күйзелтіп жібереді. Көршілердің әңгімесін үйде отырып, естіп жүру кімге ұнайды?
Жер үйдің артықшылықтары мен кемшіліктері
Плюс 1. Таза ауа
Әдетте, егер адам жеке үйде өмір сүруді таңдаса, онда ол қаладан тыс жерде тұруды жөн көреді. Онда сіздің ауаңыз таза, аулада самал жер ұрып тұрмақ. Денсаулыққа да, көңіл-күйге де жағымды фактор.
Плюс 2. Үйдің аумағы
Орташа алғанда, пәтердің ауданы 40-100 шаршы метрді құрайды десек, үйлер одан үлкендеу келеді. Сонымен қатар, екінші, үшінші қабат қосып өсе беруге ешкім кедергі емес.
Плюс 3. Бау-бақша
Өз бақшаңның жемісі мен көкөнісін жеуге не жетсін шіркін! Экологиялық таза өнімдер, даладағы жұмыс сіздің денсаулыңығызға ғажап әсер етеді.
Плюс 4. Коммуналдық төлемдер
Жер үйдегі коммуналдық төлемдер сіздің қажеттіліктеріңізге байланысты. Сіз өзіңіз пайдаланған ресурстар үшін ғана төлейсіз. Есептегіштерді қойып, нақты жұмсалған нәрсеге ақша төлеу әсіресе тиімді.
Плюс 5. Үнсіздік және тыныштық
Қала сыртындағы үйдің тыныштығы керемет. Қонақ шақырып, ештеңеге алаңдамай уақытты көңілді өткізе аласыз. Көршіңіз қой демейді.
Жер үйдің де кемшіліктері бар. Оған тоқтала кетсек.
Минус 1. Инфрақұрылым
Жер үйге көп жағдайда көлік қажет болады. Метро, автобус сынды қоғамдық көлікті пайдалана алмайсыз. Көлігіңіз бұзылып қалса, трассаға дейін жаяу жүріп қиналуыңыз мүмкін.
Минус 2. Өзіңе ғана сену
Сіз үшін қарды ешкім тазартпайды. Сондықтан ерте тұрып жұмысқа кірісуге тура келеді.
Минус 3. Жол
Егер жол нашар болса, онда сорыңыз қайнайтыны хақ. Жаңбырда, көктемде балшық болып жататын жерлерден өтіп, күнара көлікті жууға тура келеді. Киіміңіз де былғана беретін болады.
Минус 4. Байланыс
Әдетте, қаладан алыс жерде байланыс нашарлай түседі. Сонымен қатар, кабельдік интернет пен теледидар қосу мүмкіндігі шамалы болады.
Тоқетер бірер сөз
Мен пәтер мен үйдің артықшылықтары мен кемшіліктерін өзімнің түсінігім бойынша жаздым. Шешім мен таңдау тек сіздің қолыңызда. Себебі, ол таңдаған баспанада мен емес, сіз тұратын боласыз. Сондықтан ойланыңыз, шешіңіз және әрекет етіңіз!