Шетелдіктер және ипотека. Қазақстанда шетел азаматтары ипотека ала алады ма?

Шетел азаматтары Қазақстаннан баспана сатып ала алады ма? Және оны ипотекаға алуы мүмкін бе?

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта елімізге көршілес Ресей Федерациясының азаматтары көптеп келуде. Осыған қатысты, оқырмандар тарапынан жоғарыдағы сұрақтар көптеп түсе бастады. Оны анықтап көрейік.

Жалпы, заң бойынша Қазақстан Республикасында тұратын басқа елдердің өкілдері біздің азаматтарымыз сияқты құқықтар мен бірдей міндеттерге ие. Бұл туралы «Шет ел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-шы бабында жазылады. Біздің заңнама елдегі шетел азаматтарын тұрақты тұруға (ықтиярхат) рұқсаты бар және елде уақытша болатын (қысқа мерзімге келген) деп екі санатқа бөледі.

Дәл осы санаттар түптің түбінде бәріне әсер етеді.

Ықтиярхаты бар шетел азаматының үй сатып алуға толық құқығы бар. Және оны кей жағдайда банктер арқылы ипотекаға ала алады. Бірақ, тек Қазақстан азаматтарына арналған мемлекеттің жеңілдікті бағдарламаларына қатыса алмайды.

Мысалы, Қазақстандағы аса танымал «7-20-25» ипотекасы тек қана Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған. Оған атында тұрғын үйі жоқ, басқа ипотекалық несиелері жоқ, еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен ресми түрде расталған кірісі бар елдің кез-келген азаматы ипотека ала алады.

Ипотекалық бағдарламаның талаптарында баға лимиті белгіленген. Сатып алынатын тұрғын үйдің бағасы Астана, Алматы (қала маңы аймақтарын қоса алғанда), Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеден, Қарағанды мен Түркістан қалаларында 20 млн теңгеден және қалған өңірлерде 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

Ықтиярхаты бар шетел азаматының үй сатып алуы үшін оған:

— тұруға рұқсатты растайтын құжат;

— жұбайының (зайыбының) тұрғын үй сатып алуға нотариус куәландырған келісімі немесе адамның некеде тұрмағанын растайтын құжат қажет. Бұдан кейін үйді сатып алу стандартты схемаға сәйкес жүзеге асырылады.

Ал егер ықтиярхаты бар шетел азаматы Қазақстандағы өз меншігіндегі үйді сатқан жағдайда, ҚР Салық кодексінің 194 бабы бойынша мүліктің сатып алу бағасы мен сату бағасы арасындағы айырмадан алынған табыстың 15 пайызын салық ретінде мемлекетке төлейді.

Қазақстанға уақытша келген (мысалы турист), ықтиярхаты жоқ шетел азаматына бізде үй сатып алуға рұқсат берілмеген. Тиісінше ол ипотеканы да рәсімдей алмайды.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 49

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх