«Черновой» мен «Чистовой». Әрлеуге не үшін назар аудару керек?

Қазір пәтер сатып алғанда сізге оның екі түрі жолығады. Біріншісі – әрленген дайын пәтер. Оған жөндеу жұмыстарын жасамай көше беруге болады. Екіншісі — әрленбеген, жөндеу жұмыстарын қажет ететін пәтерлер. Тіпті оның өзі екіге бөлінеді. Олар — cәл де болса әрленген не болмаса тіпті ештеңе істелінбеген.

Осы кезде қазіргі уақытта осылардың қайсысы сұранысқа ие деген сұрақ туындайды? Баяғыда, яғни Кеңес өкіметінің тұсында, пәтер пайдалануға әрлеусіз берілмейтін. Ол құрылыс саласын реттейтін заңнамалық құжаттар бойынша солай бекітілген болатын. Жаңа пәтерге адамдар бірден көшіп келіп, үйлерін тек жиһаз және кілемдермен жабдықтайтын еді.

Кеңес үкіметі келмеске кеткеннен кейін, адамдардың жағдайы жақсарды да, тоқсаныншы жылдары «Евроремонт» деген ұғым пайда болды. Бір қызығы, дамыған батыс елдерінде мұндай ұғым жоқ. Ол дегеніміз, пәтеріңді қалағанша әдемі қылып әрлеп алу. Тіпті жаңа пәтердің дайын әрлеуін бұзып, азаматтар қайтадан жөндеу жұмыстарын жасай бастағандықтан, құрылыс компаниялары да мұның пайдасын тез түсініп қойды. Олар өздері әрлемей, үйлерді жалаң қабырғаларымен сата бастады. Одан жақсы үнемдеп те жатыр.

Қазір жылжымайтын мүлік нарығы жақсы дамуда. Үйлер көптеп салынып, құрылыс жаңа серпін алды. Ал азаматтар қолайлы ипотекалық бағдарламалар пайда болғалы бері, пәтер сатып алу мәмілелерінің санын біршама көбейткен. Әсіресе танымал «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы мен қолданыста болған үйлерді алуға мүмкіндік беретін «Баспана Хит» ипотекасы үлкен сұранысқа ие болып отырғаны жасырын емес.

Сонымен құрылыс салушы өзі әрлеп берген пәтер дұрыс па, әлде еш әрленбеген пәтер жақсы ма? Олардың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Әрлеусіз пәтер

Бұл былайша айтқанда жалаңаш бетон қорап. Әдетте, онда электр желісі кіріп тұрады, су құбырлары бір нүкте арқылы енгізілген. Ішкі сымдар, құбырлар, коммуникациялар мүлде жоқ. Ішкі есіктер, еден төсеніші де жоқ. Дәретхана, жуынатын бөлмелерде ештеңе жасалмаған. Бөлмелерде жылыту радиаторлары болады. Сыртқы есік пен терезелер ғана орнатылған. Осымен бітті.

Мұның бір артықшылығы, бірден өзіңіз армандап жүрген дизайн, әрлеу жасауға болады. Яғни, ескі ештеңені бұзып қажет жоқ. Жұмысты бірден бастап кетесіз. Сосын жұмыстың сапасын өзіңіз қадағалайсыз.

Екінші артықшылығы бағасында жатыр. Таза әрленген пәтерге қарағанда бағасы төмендеу болуы тиіс. Себебі бұған әлі біршама қаражат жұмсау керек.

Кемшіліктері де жоқ емес. Әрлеусіз пәтерге қосымша шығын кетеді. Бірден көшіп келе алмайсыз. Егер жөндеу саласында тәжірибеңіз болмаса, әрлеушілер сізді алдап кетуі мүмкін.

Әрленген пәтер

Әрленген пәтерде қабырғаларға, еденге және төбеге әрлеу жабыны бар. Барлық электр, сантехника және жылыту құрылғылары орнатылған. Ішкі есіктер бар. Көшіп келіп тұра беруге жағдай жасалған.

Артықшылықтарын айтсақ, бұл бірден жаңа үйде тұруға мүмкіндік береді. Қазір жөндеу жұмыстары, оған қажет материалдар қымбат тұрады. Сондықтан жөндеуге шығындалмайсыз. Әрі уақытыңыз үнемделеді.

Кемшіліктері жөндеу сапасында болуы мүмкін. Құрылыс компаниясы жөндеуге ең арзан, сапасыз материалдарды қолданбады деп ешкім кепілдік бере алмайды. Мұндай жағдайда сапасыз әрлеудің барлық салдары екі-үш айдан кейін көзге көріне бастайды. Бір жұмысты қайта істеу қаупі бар. Екіншісі, әрлеу сіздің талғамыңызға сәйкес келмеуі мүмкін. Әр адамның талғамы әртүрлі. Мысалы, сізге бояудың түстері, жабынды мен есіктің фактуралары ұнамаса, өз үйіңізден ләззат ала алмайтын боласыз.

Қазір нарықта әрленген үйлер де, еш әрлеусіз үйлер де бар. Таңдау жетеді. Ал шешім тек сіздің қолыңызда. Өз басым, біз бүгін сізге дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ақпарат ұсындық деп ойлаймын.

Әйгерім Қанатқызы
Тұрғын үй мен ипотекаға қатысты қалам тербеп жүрген жас маман. Қазақтілді экономикалық контенттің көп болғанын қалайды және оған барынша қолдау білдіргісі келеді.
Записи созданы 26

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх